Заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бүгінгі күні қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Нақтырақ айтсақ, аталған заң нормаларына алғаш рет деструктивті идеологиялық діни ағымдар мен радикализм туралы ұғымдар енгізілген.

Бұдан былай, түрлі ағымның соңынан ергендер ойына келгенін істеп, ел арасына іріткі сала алмайды. Кәмелетке толмаған жастардың жат ағымдардың жетегінде кету фактілері қатаң қадағаланады. Заңсыз неке қию мен бетті толықтай тұмшалауға тыйым бар. Талапқа бағынбағандарға 10 айлық көрсеткіштен бастап айыппұл салынады. Бірінші ретте бет-әлпетті жасыратын киім түрлерін қоғамдық орындарда киюге және таратуға тыйым салу туралы норма көбірек назарға ілігуде. Бұл қоғамдық ортада орамал тағуға, хиджаб тыйым салынады деген емес, тек ниқаб, паранджа секілді бетті тұмшалайтын киімдер киюге болмайды дегенді білдіреді.

Басты назарда тұрған дін саласында да қазіргі уақытта тоқтаусыз құбылыстар орын алуда. Теріс пиғылды діни ағымдар белсенділігінің күшеюі қоғамда, әсіресе жастар арасында дін атын жамылған жалған идеологияның таралуына заңмен тосқауыл қоюды күшейту қажеттілігін негіздеп отыр.

ҚР Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 10 жылда тіркелмеген неке саны 30 мыңнан асқан. Әсіресе, 14-17 жас аралығындағы кәмелетке толмаған жасөспірім қыздардың заңсыз тұрмысқа шығуы да аз емес. Осының бәрі – дін атын жамылған жалған діни ағымдардың зардабы. Ата-анасының келісімінсіз тұрмыс құрып, аз арада «талақ» алатын қаракөз қыздарымыздың саны қаншама?! Сол себепті, аталған заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге толық негіз бар деп айтуға болады.

Дулат Тулегенов,
Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының
директоры.

Комментарии закрыты.