Мақсат – аурудың алдын алу

Сәтбаев қаласының емханасында 14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес, 19 қараша – Халықаралық темекіден бас тарту және 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күндеріне орай ашық есік күні ұйымдастырылды.

Деректерге сүйенсек, 1922 жылы Канадалық жас ғалым Фредерик Бантинг тарихта тұңғыш рет қант диабетінің аса ауыр түрімен сырқаттанған 14 жастағы ұл балаға инсулин инъекциясын жасап, оның өмірін құтқарып қалды. Осылайша жаңа дәрі-дәрмек түрі пайда болды. 1891 жылдың 14 қарашасында дүниеге келген ғалым Ф.Бантингтің есімін мәңгі сақтап қалу үшін 2007 жылдан бері қант диабетіне қарсы дүниежүзілік күрес күні болып осы күн таңдалды. Қант диабеті бүгінгі күнге дейін ауыр дерттің қатарында болғанына қарамастан, инсулиннің арқасында адамдар бұл сырқатты бақылауда ұстауға үйренді.

Ашық есік күнінде емханаға келген азаматтар тегін кеңес алуға, қан қысымын өлшеуге, қан құрамындағы холестерин, глюкоза мөлшерлерін тексеруге мүмкіндік алды.

– Қант диабеті – көмірсулардың және барлық зат алмасу түрлерінің бұзылуымен сипатталатын, өзінің асқынуымен қатерлі генетикалық, созылмалы ауру. Сондықтан қандағы қант деңгейін үнемі бақылап, оның көрсеткішін қалыпты ұстау маңызды. Бұл аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – дұрыс тамақтану, көкөністер мен жемістерді көбірек пайдалану, спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден аулақ болу, – дейді эндокринолог-дәрігер Артур Төлегенов.

Сонымен қатар, «Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қарашаның 10-ы мен желтоқсан айының 10-ы аралығында елімізде АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша айлық өтуде. Бұл күні медицина мамандары келушілерге, әсіресе, жастарға ғасыр дертінің алдын алу және оны болдырмау туралы түсіндірме жұмысын жүргізді. Сондай-ақ, емхана қызметкерлері «АИТВ және ЖИТС дегеніміз не?», «Темекінің денсаулыққа зияны», «Қант диабетімен ауыратын адамдардың тамақтануы», «Балаларда диабет дамуы факторының қауіп-қатері» тақырыптарында мағлұматтар беріп, салауатты өмір салтын насихаттайтын ақпараттық материалдар, жадынамалар мен кітапшалар таратты.

Аталмыш іс-шараның барысында дәрігерлер тұрғындардың денсаулық жағдайын тексеріп қана қоймай, оларды мазалайтын сұрақтары бойынша кеңестер берді.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.