Мұсылмандық қасиетті, рухани ұғым

Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысында дін саласындағы тұрақтылықты нығайту мәселесі бойынша мемлекетімізде діни экстремистік идеология элементтерін таратуға негізделген шаралардың алдын алу керектігін айрықша атап өтті.

Осы бағытта мемлекеттік органдарға тәрбиелік және профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, діни бірлестіктердің қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтауын қадағалау міндеті жүктелді.

Қазіргі кезде Қазақстанда конферессиялардың саны 50-ден асып, діни қауымдастықтардың жалпы саны 4000-ға дейін өсті. Осы діни қауымдастықтар арасындағы алауыздыққа жол бермей, дінаралық, ұлтаралық татулықты сақтау үшін Қазақстан Республикасының Дін істері Агенттігі құрылды. Агенттік жалпақ әлемді алаңдатып отырған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында жұмыс атқарады.

Сонымен бірге, бұл мемлекеттік орган азаматтардың діни сенім бостандығына деген құқығын қамтамасыз ету үшін дін саясатын түсіндірумен қатар, қоғамымыздағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін рухани-ағартушылыққа бағытталған іс-шаралар өткізеді.

Осы бағытта елімізде діни экстремизмге қарсы әрекет жөніндегі ақпараттық-насихат тобы құрылған болатын.

Өткен жетіде осы топтың мүшелері Сәтбаев қаласында болып қайтты. Топтың құрамында ҚР Дін істері Агенттігінің, ислам мәдениеті мен ілімін қолдау қорының, Қарағанды облысы бойынша Дін істері Департаментінің мамандары, Алматы, Қарағанды мешіттерінің имамдары және Астана қаласындағы Қосшы медресенің ұстазы болды.

Ақпараттық-насихат тобы  Сәтбаев қаласының орталық Балмағамбет Балқыбай атындағы мешітте мұсылман жамағатымен, қалалық әкімдікте қала активімен кездесулер өткізді.

Бұл кездесулерде алыстан келген қонақтар қазіргі кезде қалыптасып отырған мемлекеттің дін саясаты мен әлемді жайлап отырған діни экстремистік және террористік әрекеттерге тоқталып, оның тұп негізі мен ықпалы жайлы әңгіме қозғады. Әсіресе, мұсылмандыққа байланысты ғибратты сөз айтып, өзінің білімділігі мен терең де нақты ойларымен көрінген Астана қаласының Қосшы медресесінің ұстазы, дінтанушы Еркінбек Шоқаевтың әңгімесі жиналған қауымға үлкен әсер етті.

–    Ислам – арабтың, Мұхаммед пайғамбардың ғана діні емес, бүкіл әлемді жаратушы құдірет иесі Алла Тағаланың діні, – деді дінтанушы. – Дін деп тек бір Жаратушыдан түскен өмір сүру жүйесі және адам мен Құдай арасындағы тәртіп заңдары екенін мойындасақ, біз мұсылман санатына жатамыз.

Жалған, адамзат ойдан шығарған «діндер» – экономикалық мақсатқа, ұлттық мүддеге көзделген, немесе Алланың хақ дініне қарсы ұйымдардың жасаған айласы.

Ислам дінінің қазақ жеріне келгеніне 12 ғасырдан асты, ал, салафиттер уахабиттер, құраниттер, өзге де дәстүрлі емес діни ағымдардың пайда болғанына 3-ақ ғасыр болды. Олар бүкіл дүниедегі 1,5 млрд мұсылман қауымының бір пайызын да құрамайды. Сонда да болса бүкіл әлемді бұл дерт – діни экстремизм мен терроризм – жаулап барады. Бұл – қорқынышты құбылыс. Жасыратыны жоқ, қазақ жерін де бұл ауру меңдеп барады. Сырттан басқарып, қаржыландырылатын осы діни ағымдардан пәтуа алу деген топастық, надандық.

Адам ұлтына, түр-түсіне, киген киіміне, сақалына қарап мұсылман болмайды. Бұл ұлтты, мәдениетті, салт-дәстүрді белгілейтін ұғымдар, – деп ойлайды медресе ұстазы. – Мұсылмандық – тек шынайы жүрекпен, ықыласты амалмен, таза ниетпен қабыл болатын рухани қасиетті ұғым. Ал, егер бала ата-анадан, ата-ана баладан безсе, аруақтарға арнап шелпек пісіріп, құран оқытқан ананы баласы ұрып өлтірсе, одан өткен қатыгездік бар ма?! Балам дін жолында шейіт болды деп қуанатын ананы кім дейсіз?!

Пейілі дұрыс болмаған адамды Отанын, ата-анасын, бауырларын, ұлтын құрметтейді деп айта алмаймыз. Көкейде, жүректе сенім ақиқаты, Аллаға деген шынайы махаббаты бар адам мұсылман болады.

Еркінбек Шоқаев қазіргі кезде әсіресе жастарға діни сауаттылық аса қажет екенін айта келе, мұсылман қауымды Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасының мешіттеріндегі имамдарды қолдауға шақырды. – Қазіргі кезде имамдардың білім деңгейін көтеруге басты назар аударылып келеді, – деді ол. – Оған мүмкіншілік жеткілікті. Егер біз, шынайы мұсылман қауым, бір-бірімізді аяқтан шалмай, бір-бірімізге қолдау жасап, демесек, ортамыз бұдан да көп болса, қоғамды дерттеп бара жатқан аурудан арыламыз, пиғылы теріс діни ағымдарды ортамыздан аластатамыз. Сіздерді бейбітшілік пен татулық, Жаратушымен үндестік және үйлесімдік діні – Ислам дінін қолдауға шақырамыз.

Топ мүшелері жиналған қауымның қойған сұрақтарына жауап берді. Дін істері Агенттігінің сарапшысы Нұрлан Мейрамбай жаңадан құрылған бұл мемлекеттік органның бағдар-мақсаты жайлы түсініктеме берді. Агенттік келешекте де халықтың билікпен, дәстүрлі діни бірлестіктермен тығыз байланыста болуын қамтамасыз етіп, осындай кездесулерді жиі өткізіп тұратыны жайлы да айтылды.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.