Үй өртеніп, екі адам көз жұмды

Қаламызда тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 1945 жылы туған ер адам мен 1949 жылғы әйел қаза тапты. Бұл жөнінде Baq.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Қарашаның 14-нен 15-не қараған күні түнде екі қабатты 8 пәтерлі тұрғын үйден өрт шыққан. Оқиға болған жерге келіп жеткен төтенше жағдайлар қызметі үйдің екінші қабатындағы пәтерлердің өртеніп жатқанын көрген. Өрттің қатты болғаны соншалықты, төтенше жағдайлар қызметі Жезқазған қаласынан қосымша өрт сөндірушілерді шақырған.
– Өрт жайлы ақпарат 15 қараша күні сағат 02.35-те кезекші бөлімге түсті. Өртті сөндіруге Сәтбаев қаласының екі өрт сөндіру бөлімінің күштері жіберілді. Бірінші өрт бөлімі оқиға орнына өрт жайлы ақпарат түскеннен кейін 2 минуттан соң жетті. Өрт сөндіру қызметінің жетекшілерімен өрттің 3-ші деңгейге дейін көтерілуіне байланысты қосымша күш Жезқазған қаласынан шақыртылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 34 адам мен 9 техника жұмылдырылды. Өрт сағат 04:08-де ауыздықталып, 05.00-де сөндірілді. Жалын 80 шаршы метр аумақты қамтыған, – дейді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Жалын екі қабатты ағаш үйдің екінші қабатындағы 4 пәтерді шарпыған. Екі пәтерден 72 жастағы ер адам мен 68 жастағы әйелдің мәйіті табылған. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Комментарии закрыты.