Сандық технологиялар барлық емдеу мекемелерінің жұмысын оңтайландырды

Ситуациялық орталық Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының негізінде жұмыс істейді, салалық ауруханаларда оның бөлімшелері құрылған. Орталықтың штатында бес қызметкер бар. Олар медициналық мекемелер мен дәрігерлердің жұмысы туралы ақпаратты қадағалап, өңдейді.

Орталықтың жұмысымен облыс әкімі Ерлан Қошанов танысып қайтты.
– Біз жаңа КМАЖ ақпараттық жүйесімен жұмыс істейміз, – деді ситуациялық орталықтың жетекшісі Евгений Щербов. – Бұл жүйе әрбір медициналық мекеменің барлық дерлік жұмыс аспектілерін бақылауға мүмкіндік береді. Біз белгілі бір маманға кіру үшін кезекте қанша уақыт күтетінін, көмек сұрап келгендер санын және олардың диагнозын көре аламыз. Бұл ақпараттың барлығын біздің сарапшылар өңдейді және алынған мәліметтер негізінде медициналық мекеменің рейтінгісін жасайды. Осылайша, жедел түрде қызмет көрсету сапасының төмендеуіне және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Кешендік медициналық ақпараттық жүйе (КМАЖ) Қазақстанда, «Даму» ақпараттық технологиялар орталығында жасалды. Қазір оны Қарағанды облысының ауруханалары мен емханалары сәтті пайдалануда. Жүйе аймақтың барлық денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік береді.
2014-ші жылдың қарашасында жүйе Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Ол жан жақты 2015-ші жылы жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі таңда Қарағанды обысы – Қазақстан бойынша КМАЖ толыққанды жұмыс істейтін жалғыз ғана аймақ.
Қазірдің өзінде науқастардың электрондық картасы жүргізіледі, электронды режимде дәрілердің рецептілері, зертханалық зерттеулердің қорытындылары беріледі, онлайн-консилиумдар өткізіліп, диагностика жасалады. Жүйе емханаларда электронды кезек енгізуге, дәрігерлердің қаншалықты жұмысбасты екенін бақылауға, әрбір науқасқа уақыт және дәрмек жұмсауды ашық етуге мүмкіндік тудырды.
Сонымен қатар, дәрігерлерге және денсаулық сақтау басқармасының сарапшыларына арналған бағдарламамен қоса, Қарағанды облысында пациенттерге арналған «DamuMed» мобильді қосымшасы енгізілді. Оны AppStore немесе PlayMarket арқылы смартфонға жүктеп алуға болады. Қосымша арқылы дәрігерге қаралуға жазылуға болады, өз сараптамаларыңызды бақылауға, «SOS» пернесін басу арқылы жедел жәрдем шақыруға болады. Мұның барлығын тек өз атыңыздан ғана емес, балаларыңыз бен қарт ата-аналарыңыздың атынан да жасауға болады. Ол үшін өзіңіз тіркелген емханада отбасы мүшелерінің мәліметтерін қосымшаға енгізу туралы өтінім тастау керек.
Аймақ басшысы біздің облыста бұл жаңа жүйенің жылдам енгізілгенін атап айтты. Алайда, электрондық кезектер мен мобильді қосымшалар ыңғайлы болмайтын қарт емделушілерге ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Комментарии закрыты.