«Kәсібіңді ашу үшін алдымен өзіңе деген сенімділік керек»

Қазіргі уақытта кез-келген азамат кәсіп ашамын деген ниетін жүзеге асыруына жағдай жасалып отыр. Тек, ықтиярлық танытып, қажырлық көрсетсе болғаны. Қаламыздағы «Smile» балаларды түзету-дамыту орталығы да сондай үлкен ерік-жігердің арқасында ашылды десек артық айтпағандығымыз болар. Оған орталық директоры Қымбат Балғазинамен болған сұхбаттан көз жеткіздік.

– Қымбат Қанатбекқызы, алдымен орталық туралы кеңірек тоқтала кетсеңіз.
– «Smile» балаларды түзету-дамыту орталығын ашу үшін 2015 жылдан бастап бизнесті қолға алдым. 2016 жылдың мамыр айында «Алтын ұрпақ» Кәсіпкерлер одағының бизнес-жобалар конкурсына қатысуға бел будық. Сәті түсіп 150 мың теңге көлемінде грант ұтып алдым. Барлығы бірден бола қойсын ба, алғашында шағын ғана сынып аштым. Ол кезде логопедтік қызмет қана көрсете алдық. Кейін жұмыс аясын кеңейту үшін 2016 жылы бизнес-жобамды «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына тапсырдым. Тамыз айында оны қорғап шығып, желтоқсан айында 2 миллион 700 мың теңге көлемінде грант ұтып алдым. Содан осы орталықты ашуға кірістім. Қазіргі уақытта орталықта логопед, дефектолог, психолог, ағылшын тілі маманы, мектепалды даярлық мұғалімі сынды мамандар жұмыс жасайды. Бала бағушы қызметі де бар. «Handmade» қолдан әр түрлі бұйымдар жасайтын ұйым да жұмыс жасап келеді. Кәсіби мамандар 3 пен 14 жас аралығындағы балаларға сабақ жүргізеді. Негізгі бағытымыз да сол, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуге көп көңіл бөлеміз. Одан тыс сау балаларға да сабақ жүргіземіз. Аптасына 3 рет келіп оқиды. Әрбір тәрбиеленушіге жекелей сабақ өткізіледі. Топтық жұмыстар жоқ. Қазіргі уақытта 40-қа тарта бала тәлім алады.

– Осындай орталықты ашуға не түрткі болды? Неге басқа табысы мол кәсіпті таңдамадыңыз?

– Иә, табысы мол, шығысынан кірістің көп болғанын қалайтын адамдар жетерлік қой. Бірақ, әркім өз саласының маңайында ғана қызмет атқару керек деп ойлаймын. Менің негізгі мамандығым – дефектолог-логопед. Екінші мамандығым – психолог. Балалармен жұмыс жасау – бағытым осы. 2012 жылы мектепке жұмысқа орналастым. Онда балалармен жекелей жұмыс жасауға уақыт жетпейтін. Қағазбастылықтан арыла алмадым. Таңнан кешке дейін құжат түгендеп, толтырумен болдым. Бұл менің көңіліме қаяу түсірді. Содан жекелей бір орталық ашсам екен деген ой қылаң берді. Қаламыздағы жастар ресурстық орталығына жұмысқа орналасқан соң, сол кездегі орталық директоры маған ойымда жүргенді іске асыруға болатынын айтып, қолдау көрсетті. Сол қолдаудың арқасында кәсібімді дөңгелетіп отырған жайым бар. Неге басқа емес дедіңіз. Қазіргі таңда балалардың тілі мүкіс,ой дамуының тежелуі сынды дерттер белең алып барады. Актуальді мәселе. Маңызы зор тақырып. Ата-аналар қымбатшылық деп қауырт жұмысын одан сайын үдете түсті. Балаларына қарауға мұршасы жоқ, қолына телефонын беріп байыз табатындай. Содан баланың тілі шықпай қалып жатады. Алайда, ерекше күтіммен ол кемістіктерін қалпына келтіруге болады. Біздің орталықта бүгінге дейін 53 тәрбиеленуші сол мүкістіктерінен арылды. Өзің жақсы білетін жұмысың жеміс берді деген осы.

– Кез-келген кәсіптің қиын тұстары болады. Қажытып жібермейді ме?

– Біле білсеңіз, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау өте қиын. Оған көңіл бөліп, ерекше күтім жасау керек. Бірақ, өзің жан-тәніңмен қалаған мамандығың болса, оған ешқандай қиындық қарсы келе алмайды. Таңдағанымыз осы, бойымыздағы шыдамдылықпен талай баланы ел қатарына қосып келе жатырмыз. Неге мен осы жолды таңдадым деген ой болды басында. Кейін осы менің негізгі міндетім деп білдім. Әр адамның өз бағыты болады. Менің бағдарым осыған ауды.

– Кәсіпкер өзі дайындаған жоспар негізінде жұмыс жасайды. Сіздің алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Жоспарсыз жүру мүмкін емес. Онсыз тоқырап қаласың. Бір орында тұрып қалмас үшін идеяңды жүзеге асырасың. Біздің алдағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақша ашу болып тұр. Соның бизнес-жоспарын дайындап жатырмын. Тіпті жақында мамандар тарту үшін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетімен келісім-шартқа отырдық. Яғни, логопедия саласында оқитын студенттер кәсіби іс-тәжірибеден өтуге бізге келе алады. Оларды жұмыспен қамту жағын да қарастыратын боламыз. Бірді-екілі жоспарлар осы.

– Сізді кәсібіңіздің нәсібін көріп отырған кәсіпкер ретінде санауға болады ғой?

– Иә, әрине. Бұл ретте менің арманымның жүзеге асқанын байқауға болады. Кішкене кезімде көшбасшы боламын дейтінімді ата-анам айтып отырады. Санама құйылып қалған болса керек. Қаламызда жоқ бірден-бір орталықты ашып, талай баланың танымы кеңеюіне жағдай жасап отырмыз.

– Кәсіпкерлікпен айналысу үшін қандай қасиеттер керек? Ұстанатын қағидаттарыңыз бар ма?

– Адамға, біріншіден, арман керек. Армандап отырып та жарытпайсың. Арманды мақсатқа айналдыра білсең ғана жетістікке жетесің. Сосын сенімсіздіктен арылу керек. Қазіргі кәсіп ашамын деген азаматтарда сенімсіздік бар. Кәсіпкерлерді қолдайтынын біле тұра сенбейді өз-өздеріне. Оларда қорқыныш сезімі басым. Соны сейілте білу керек. Кәсіпкерлік көзін зердеге салу керек. Бір адамның жолында он адам кездеседі. Тоғызы «қайтесің, мүмкін емес қой ол» дейді. Сөйтіп орта жолда қалып қояды. Қазақтың кежірлігі жақсыға апармайды. Көреалмаушылық, кері тартатын әдеттерден аулақ жүрген дұрыс. Арманы айқын, батыл, күші жойқын азамат қана еліне қызмет ете алар кәсіпкер бола алады.

– Бизнес бастағысы келген адамдар кеңесті қайдан алса болады?

– Тәжірибелі кәсіпкерлерден, нарықты меңгерген азаматтардан алуға болады. Қолдау көрсетіп, кеңес беретін адамдардың жанынан табылсаң құба-құп. Менде ең алғашында ойым арман ретінде қалатын шығар деген күдік болған. Бірақ, мемлекет тарапынан қолдау көрсететінін біліп, батыл қадам жасадым. Кәсіпкерлер палатасына барып, кәсіпкерлік тетіктерін меңгердім. «Бизнес кеңесшіден» үш күндік тегін оқуға қатыстым. Бизнес-жоспар жазуды үйрендім. Грант ұтып алғанымды ең жоғары жетістігім деп бағалаймын.
– Өз ісін ашамын деушілерге кеңесіңіз қандай болар еді?

– «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» демеп пе еді дана халқымыз. Бүгінде жаңа мүмкіншіліктерге жол ашатын жаңа тетіктерді игеру – өз өмірімді өзгертіп, өз деңгейімді өсіремін, өз болашағымды қалыптастырамын деген азаматтың бірден-бір ізденіс жолы. Ең бастысы – қатардан қалмай ұмтылу керек және оқып-білуден, үйренуден шаршамау керек. Сенбесеңіз, өзіңіз байқап көріңіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Нұрлат Қонысбай.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.