Балалар нейрооңалту орталығы ашылады

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы шеңберінде Жезқазған қаласының орталық ауруханасының негізінде желтоқсан айында «Аура Мед» балаларға арналған нейрооңалту орталығы ашылады, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы.

Жаңа орталық 40 орынға шақталған. Онда физиотерапия, емдік денешынықтыру кабинеттері, сонымен қатар, орталық жүйке жүйесі және тірек-қозғалу аппараты бұзылған балаларға арналған терапия бөлімі жұмыс істейтін болады.
Жылына бұл орталықта Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, Арқалық және Жәйремнен келген 1000-ға жуық бала емделіп, оңалтудан өтеді деп жоспарлануда.
Жобаның құны – 60 млн. теңге. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы шеңберінде Жезқазған қаласында 2018 жылы ересектерге арналған нейрооңалту орталығы ашылады деп жоспарланып отыр.
Айта кету керек, Жезқазған аймағының дамуының үш жылдық жоспарында денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 875,4 млн теңгені құрайтын 6 жоба қарастырылған. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту бағдарламасы шеңберінде Жезқазған қаласының орталық ауруханасында тамызда құны 150 млн. теңгені құрайтын МРТ заманауи аппараты бар диагностикалық орталығы ашылған болатын. Перинаталдық орталыққа жалпы сомасы 90,9 млн. құрайтын медициналық жабдық орнатылды. Сонымен қатар, қаланың барлық мектептерінде қазіргі таңда медициналық кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен қаматамасыз етілген.

Комментарии закрыты.