«Азаттықты аңсаған Алаш»

Осындай тақырыппен «Шындық» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Достық үйінде» әдеби-танымдық, композициялық-музыкалық кеш өтті. Оған қаланың Құрметті азаматтары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, үйірме мүшелері, тарих пәнінің мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Кешті ашып, жүргізген «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов жиналғандарға Алаш партиясы мен Алашорда Үкіметі бағдарламасының қазіргі заманмен сабақтастығы туралы кеңінен әңгімеледі.

Алаш үкіметінің басты арманы Ресейден автономия алып, дербес мемлекеттікке қол жеткізу еді. Сондықтан да кеш шымылдығы жырау Мұқаш Қожахметовтың орындауындағы жерлес ақын-термеші Шынболат Ділдебаевтың «Тәуелсіздік толғауымен» ашылды.

Жиында М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, С.Сейфуллин сияқты озық ойлы қазақ зиялыларының «тар жол, тайғақ кешкен» өмір жолдары жайлы сөз қозғалды. Алаш ардақтыларының халықты ұлтаралық бірлікке шақырғаны, ұлтын сүйген азаматтардың тартыспен өткен тағдырлары еске алынды.

Кеңес заманында да Алаш азаматтарының өлең-жырлары мен мұралары халық арасында айтылып жүрді. Солардың бірі – Міржақып Дулатовтың қазақ өміріндегі әлеуметтік мәні зор мәселе болған, әйел теңсіздігін арқау еткен «Бақытсыз Жамал» романы. Осы шығармадан үзінді орындаған Мұқаш жырау автордың тек әйел тағдырын ғана емес, рухани теңдікке, бостандыққа ұмтылған қазақ ұлтының күрескерлік болмысын бейнелегендігін де жеткізе айтты.

Сонымен қатар, кешке келген құрметті қонақтар Мұса Тілеуов, Жақсылық Омаров, Зейнеп Әбілбекова мен Өмірбек Сартов азаттыққа, тәуелсіздікке арнаған өлеңдерін оқыды. Іс-шара барысында «Алға, бас» жастар театрының әртістері Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» спектаклінен үзінді көрсетті. Еркін шығармашылық жағдайда өткен әдеби-музыкалық кеш С.Сейфуллин атындағы гимназия оқушыларының орындауындағы, кезінде Алаштың гимні болған С.Торайғыровтың «Күн сөнгенше сөнбейміз» атты өлеңімен аяқталды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Алаш партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр. Бұл ұлттық емес, патриоттық ұйым, алдына қойған мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, оны осы заманғы шындыққа бейімдеу еді» дей келе, ұлт көсемдерінің атын құрметтеп, олардың қиын өмір жолдарын қастерлеу әрбір азаматтың парызы екенін ескерткен болатын. Сол себепті, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған бұл кеші танымы мен тағылымы мол іс-шара болды.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.