Жастармен кездесті

Халықаралық жастар күнінде қаламыздағы құрметті де сәнді орындардың бірі – Даңқ алаңында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты мүшелерінің ұйымдастыруымен сәтбаевтық бірқатар белсенді жастар қала әкімі Бауыржан Шыңғысовпен кездесті.

Кездесудің Даңқ алаңында өтуінің де өзіндік себебі бар. Жастардың бойында қазақ халқының ұлттық тарихына деген қызығушылықты дамыту, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, сондай-ақ халықтың батыр ұл-қыздарының ерлік істерін дәріптеуде осындай мәдени мұрасы мол жерлердің алар орны ерекше. Өз тарихын білу – ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі, ол этникалық тұтастықтың сақталуы мен оның келесі буындарда жалғасын табуда маңызды.  Қазіргі ұрпақтың өз халқымен бірлігін сезінушілігі және өзін оның күллі тарихи жетістіктерінің тікелей мирасқоры мен нақты сақтаушысы әрі жалғастырушысы  ретінде  сезінуінің мәні зор болмақ. Міне, сондықтан да кездесу үшін осы жер таңдалды.

Кездесу басында қала басшысы жастарды мерекелерімен құттықтады. Осыдан соң жастар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Қойылған сауалдардың барлығы дерлік қаламыздың тыныс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына және білім беру саласына қатысты болды. Мысалға, «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай қаламызда қандай ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр?», «Қоғамдағы діни ахуал мәселесі», «Қазақ тілін дамытуда қаламызда жіберілген өрескел қателіктер», «Жастар саясаты» деген секілді тақырыптар қозғалды.

Сәтбаев ауылынан кездесуге арнайы келген тұрғындар өздерін толғандырған сұрағын қойды. Олар Сәтбаев ауылында жастардың демалыс орны болған клубты жөндеп беруді қала әкімдігінен сұрады. Б.Шыңғысов ол мәселені жақын арада шешетіндігін айтты.

Жалпы кездесуде көтерілген барлық сұрақтарды қала әкімі Б.Шыңғысов міндетті түрде жауапсыз қалдырмаймын деп уәдесін берді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.