Ашық микрофон алдында

Аналар кеңесінің кезекті отырысы №1 мектеп-гимназиясында «Алып анадан туады» атты тақырыпта өтті. Ашық микрофон алдында ұйымдастырылған кездесуге ардагер ұстаз, көпбалалы ана А.Сақыпназарова, Аналар кеңесінің мүшесі, күміс алқа иегері К.Сұлтанова, білім бөлімінің әдіскері А.Сеилова, №5 отбасылық амбулатория қызметкерлері, мектептің ұстаздары, медбикелері және 9-11 сынып қыздары шақырылды.

Қатысушылардың назарына «Қызға қырық үйден тыю» деп аталатын бейнеролик ұсынылып, талқыға салынды. Бүгінде кейбір қыздардың қырық үй түгілі өз үйінен де тыйым көрмей, бетімен жүретіндері қатты сынға алынды. Аз күнгі қызыққа еліктеп, арын сатып, алдамшы өмірдің жетегінде кетіп жатқан қыздардың тағдыры мысалға келтірілді.
«Алып анадан туады» дегендей, еліміздің болашағы – ертеңгі ұрпақты дүниеге әкелетін бүгінгі қыздар болса, солардың өз денсаулығына салғырт қарамай, зиянды әрекеттерден аулақ жүруі жайлы ақыл-кеңестер айтылды.

Қыз баланың мәдени орындарда, дастархан басында, тағы да басқа қоғамдық жерлерде өзін қалай ұстауы керектігі, жалпы жүріс-тұрысы туралы мектептің медбикесі А.Қазбекова барынша жеткізе әңгімеледі. Отырыс барысында үлкендер тарапынан айтылған кеңестер қыздарымыздың санасына жетіп, кәдесіне жараса екен деп тілейміз.

Шаңырақтың бірлігі мен бақытын сақтайтын, берекесін келтіретін – ана, яғни бүгінгі қыздар. Олай болса, «қызға қырық үйден тыю, одан қалды қара күңнен тыю» ешқашан артық емес.

Майра Смағұл,
кеңес мүшесі.

Комментарии закрыты.