Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық іс-қағаздар мен оқулықтар осы әліпби негізінде жазылуы тиіс екенін қадап айтты.

Бұл өзекті мәселені талқылау жиыны №15 жалпы орта білім беретін мектебінде де көрініс тапты. Мектебіміздің 10 сынып оқушыларымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында өткізілген басқосудың мақсаты – латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру.
Дөңгелек үстел барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап іздеп, пікір таластырып, өз ойларымен бөлісті. Ғаламтор, баспасөз беттерінде жарияланған түрлі мақалаларға өз көзқарастарын білдірді. Оқушыларға Елбасының сөзін арқау ете отырып, видеожазбалар, слайд көрсетілді. Латын әліпбиінің тиімді жақтары көп айтылып, оқушылар өз тарапынан бұл мәселенің болашақта оңтайлы шешімін табатынына тағы да көз жеткізді. Сонымен қатар, қазір технология дамыған кезде оқушылар латын әліпбиін меңгеруге көп күш жұмсалмайтыны туралы айтылды, себебі, латын әліпбиі технология тілі болып табылады.

Қорыта айтарым, өмір көшінен қалмай болашақ ұрпақтың жаңа технологияны игеруі де, алып кетуі де тез. Осы мүмкіндікті дұрыс, ұтымды пайдалана алсақ, латын әліпбиіне көшудің кедергілері болмасы анық. Ал мұны уақыт еншісіндегі дүние деп ысырып қоюға тағы болмайды.

Ж.Семелтирова,
№15 мектептің аға тәлімгері.

Комментарии закрыты.