Ұлт Көшбасшысы – Ұлы тұлға

Кеңестер Одағы ыдырап, егемендіктің ауылы жақындап келе жатқан тұста ертеңіне алаңдаған халықтың беймаза күй кешкені баршаға мәлім. Сондай өтпелі кезеңде елдің тізгіні саяси-экономикалық үдерістердің қыр-сырын жетік меңгерген жауапты тұлғаның қолында болуы тиіс еді. Ел бағына орай, дер кезінде дұрыс таңдау жасалып, Қазақстанның тағдыры танымал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына зор сеніммен табысталды.

Ширек ғасырдан астам уақыттан бері сол сенім мінсіз ақталып келеді. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, Көк туымыз көкте еркін желбіреді. Әнұранымыздың әлемдік ареналар төрінен шырқалуы қалыпты құбылысқа айналды.
Мемлекетті басқару тізгінін қолға алғаш алған сәтте Елбасы қазақстандықтарға алдағы өмірдің жеңіл болмайтынын, алайда, жақсы күндерге бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жетуге болатынын ескертіп, туған халқын тұғырлы биіктерге бастауға уәде еткен болатын. Ұлағатты ұстанымын тереңдете түскен Ұлт Көшбасшысы елдегі тыныштық пен бірлікті мызғымас берік қалыпқа түсірді, әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерін жоғары деңгейге жеткізді. Тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқаты артып, тәуелсіз мемлекеттің сыртқы елдермен қарым-қатынасы қанатын кеңге жая түсті. Нәтижесінде Қазақ елі әлемде өзіне тән жасампаз үні бар ықпалды мемлекеттердің қатарына қосылды.
Білімді, тәрбиелі ұрпақ – кемел келешек кепілі деп білетін Елбасы оқу-тәрбие мәселесіне де ерекше ден қойып келеді. Соның айғақты дәлелі – «Болашақ» бағдарламасының қолданысқа енгізіліп, зеректігімен дараланған жас буын өкілдерінің шетелде білім алуына қолайлы жағдай тудырылуы. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі беделді оқу орындарын тегін оқып, тәмамдаған жалынды жастар қауымы өз Отанының қарыштап дамуы жолында еңбек етуде.
Елбасының төл перзенті, әлемдегі ең жас, ең әдемі қала Астана – барша қазақстандықтардың мақтанышы. Дамыған елдердің басшылары әр құрлықтан арнайы келіп, адамзат мүддесі үшін мәміле жасайтын қасиетті ордасы ретінде мойындалды.
Ұлт Көшбасшысы – Ұлы тұлға. Ел ертеңі саналатын жас буын өз Президентіне еліктеп өсуі тиіс. Себебі, туған халқының ыстық ықыласына бөленген дара бітімді азаматтың кез-келген бастамасы – болашаққа салынған сара жол. Тәуелсіздік, бірлік, тұтастық ұғымдары – кейінгі ұрпақтың еншісіне қалар теңдессіз асыл мұра. Жас өскін осы түсінікті жүрегінің төрінде сақтауы шарт.

Гүлсұлу БАЛДУОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының сектор меңгерушісі.

Комментарии закрыты.