Төріңде – тоғызқұмалақ!

Өткеніне көз салмай, келешегін қарақан басының қамымен ғана өлшейтін ұлттың тағдыры аянышты һәм баянсыз болса керек. Ал,тарих қойнауына аманат етіп тапсырған ұлттық құндылықтарын қайта жаңғырту егемен елдің ертеңін жарқын етері сөзсіз. Елбасының «Рухани жаңғыруы» да осыны меңзесе керек. Жуырда кенді шаһар тұрғындары ұлттық қазына-қоржынына қайта үңілуге мүмкіндік алды. Сәтбаев қаласында тоғызқұмалақтан ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған ерлер мен әйелдер арасындағы халықаралық турнирдың жалауы желбіреді.

Жұмыс аптасы «Жастар» спорт сарайының ұжымы үшін қызу басталды. Себебі, дүйсенбі ұлттық спортқа қызығушылық білдірген дүйім жұрттың басын қосты. Тоғызқұмалақ ойынының бұқаралық спорттың қатарынан саналатынын әсте байқау қиын болған жоқ.
Турнирдің салтанатты ашылу шарасына Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев қатысты. Өз кезегінде Айгүл Қосманқызы қатысушылардың бұқаралық спорт түрлерін дамытып, олардың сұранысқа ие болуына жағдай жасап отырғандарына алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.

Халықаралық деңгейдегі бұл жарыстың кенді өлкеде өтуі бекер емес. Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әлихан Бәйменов жергілікті басшылықпен келісіп, дүбірлі доданы Сәтбаевта өткізуге мұрындық болыпты. Жарыстың бас төрешісі, арнайы Ақтөбе қаласынан келген Бауыржан Төлегеновті әңгімеге тартқанымызда біраз ақпаратқа қаныққандай болдық.
– Тоғызқұмалақ ақыл-ойды дамытуға арналған зияткерлік ойын. Оның еңбектеген бала да, еңкейген қарт та жата-жастана ойнай беруге болатын өрісі кең. Бірақ, мына бір ақпарға назар салыңыз. Осы тоғызқұмалаққа ұқсас әлемде 400-ге тарта ойын түрі бар екен. Ол Азия, Еуропа елдерінде, тіпті Африка құрлығында да өздігінше дамыған. Тек атауы мен құрылымдары өзгеше. Ерекшелігі сол, ойындардың бір-біріне ұқсастығы арқасында кез келген түрін меңгеріп кетуге болады. Алайда, бір байқағанымыз, біздің ойынды бірден игеріп кету қиынға соғады. Себебі, тоғызқұмалақ күрделірек. Біздегі құмалақ саны көп, демек комбинация, яғни жүріс көп. Сондықтан тоғызқұмалақты әлем мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын логикалық ойлау өнері деп санауымызға әбден болады.
– Қазір елімізде ұлттық спорт түрлері дамып келеді. Осы ойын бойынша түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Федерация қыркүйек айында «ЭКСПО» көрмесі қарсаңында 4-інші әлем чемпионатын өткізді. Оған 25 елдің өкілі қатысты. Жыл сайын тоғызқұмалақтан Қырғызстанда, Моңғолияда, Ресейде жарыстар өтіп тұрады. Бұл өзге елдердің ұлттық ойынға шексіз қызығушылық танытуында болып тұр, – дейді Бауыржан Өндірбайұлы.
Елбасының жүлдесіне арналған додаға аузын айға білеген кіл мықтылар іріктеліпті. Барлығы 57 спортшының ішінде 1 еңбегі сіңген спортшы, 10 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 спорт шебері, 21 спорт шеберіне үміткер бар. Ауғанстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркия, Түркіменстан сынды елдердің ойыншылары мен Қазақстанның әрбір аймағынан келген қатысушылар төрткүл дүниеге танылған ойынды тағы бір бір мәрте жаңғыртпақ.
Салтанатты ашылу шарасынан соң жарыстың шымылдығы түрілді. Ақыл мен алғырлық, түйсік пен төзімділікке жүгініп, сенімдеріне селкеу түсірмеген тоғызқұмалақшылардың ақтық мәресі мен қорытындысы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнінде шығарылмақ.
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.