Көркемсөз оқу байқауы

Тұңғыш Президент күніне орай, сейсенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы мұражайда Сәтбаев қаласының мәдени-сауық орталығы жанынан құрылған аймақтық ұлттық өнер орталығының ұйымдастыруымен «Мәңгілік Ел – мұратты болашақ» атты қалалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.

Іс-шараның мақсаты Елбасының өмір жолын үлгі ете отырып, оқушыларды Отанын, халқын сүюге, азаматтыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу, көркем әдебиет пен поэзия жанрын жандандыру және жас ұрпақтың бойында өнерге деген құштарлықты арттыру болды.
Сайысқа 12-17 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, танымал ақын-жазушылардың шығармаларын мәнерлеп жатқа айтты. Олардың өнерін қаланың Құрметті азаматы, ақын Мұса Тілеуов, Ш.Ділдебаев атындағы мұражайдың жетекшісі Гүлсара Жиеналиева, мәдени-сауық орталығы директорының орынбасары Амангелді Бейсембеков құрамындағы қазылар алқасы бағалады.

Аймақтық ұлттық өнер орталығы «Күй» үйірмесінің шәкірттері «Балбұлақ» күйін орындағаннан кейін, қатысушылар кезекпен кезек ортаға шығып, бақ сынасты. Қазылар алқасы 25 оқушының көркемсөзді оқу шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, шығарманы таңдау талғамына, сахналық бейнесі мен киім сәніне назар аударды. Аталмыш шарттарды басшылыққа ала отырып, сарапшылар келесідей қорытынды шығарды. Жүлделі І орынды С.Сейфуллин атындағы гимназияның 9 сынып оқушысы Аян Шахарғали жеңіп алса, ІІ орынды №1 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Мөлдір Қуандықова мен №19 мектептің оқушысы Ақтолқын Абдуахитова өзара бөлісті. Ал, ІІІ орынға №19 мектептен Әділхан Тәжібай мен №25 орта мектептен Қайрат Белгібаев пен Леана Батырова ие болды. Қалған қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табыс етілді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.