Айжан Әбілханова: Өсімдіктер карантині назар аудартуды қажет етеді

Азық-түлік қымбатшылығы байқалса да, тұтынушының сұранысы тоқтамақ емес.
Баға өскен сайын сатып алушының зиянсыз, сапалы өнімді қалайтыны анық. Әсіресе, өзге елдер мен қалалардан жеткізілетін тауарлардың сапасына көп көңіл бөледі, тексерістен өтетініне бек сенгісі келеді. Олардың ішінде қаламызға келетін бидай, жеміс, көкөніс өнімдеріне деген бақылаудың қатаң жүргізілгенін сіз де қаларсыз. Аталған өнімдердің заңсыз таралуына жол бермей, оларды зерттегеннен кейін ғана саудаға жіберетін қаламызда аумақтық инспекция жұмыс жасайды.

Сол мекеменің бас маманы, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы Айжан Әбілхановамен сырттан келетін карантиндік өнімдер турасында әңгімелескен болатынбыз.

– Айжан Әділбекқызы, алдымен инспекцияның негізгі жұмысына тоқталсаңыз.
– Сәтбаев қалалық аумақтық инспекциясы ҚР-ның бекіткен «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының негізінде жұмыс жасайды.

Менің негізгі міндеттеріме қаланың әкімшілік аумағын карантиндік объектілерден, бөтен текті түрлерден қорғау бойынша бақылау және қадағалау жүргізу, карантиндік нысандарды анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ олар жоқ аймақтарға олардың енуінің алдын алу кіреді. Сонымен қатар, әкелінетін және әкетілетін карантинге жатқызылатын өнімге карантиндік тексеру жүргізу, фитосанитариялық және карантиндік сертификаттау бойынша жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстары жатады.

– Шетел және еліміздің басқа қалаларынан келетін өнімдерге қалай бақылау жасалады?

– Басқа елді-мекеннен жеткізілетін карантиндік өнімдер алдымен сол жергілікті жердің аумақтық инспекция өкілдерінің кәсіпкер иесіне берген карантиндік немесе шет елдерден келсе фитосанитариялық сертификаттармен келеді.

Сол құжаттың негізінде қаламызға келген өнімді фитосанитариялық сараптамадан өткіземіз. Егер құрамында қандай да бір қауіпті зиянкес анықталса, оны зарарсыздандырамыз, тіпті келген жеріне қайтадан жіберуге толық құқымыз бар.
Тексеріс барысында өсімдіктер зиянкестері, ауру қоздырғыштары және арамшөптердің анықталмағанына көз жеткізгеннен кейін ғана сатуға рұқсат беріледі.

Қазіргі уақытта әлемде карантиндік объектілерде таралған 46 өсімдік зиянкестерінің 6 түрі, арамшөптің 5 түрі, бөтен текті зиянкестердің 5 түрі ел аумағында кездеседі.
Бұл зиянкестердің дендеп кетуіне байланысты келетін өнімдерді жіті бақылауда ұстаймыз.

– Демек, аталған өнімдерді сату үшін алдымен фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісі толтырылу керек қой?

– Иә, жеміс-көкөністердің жай- күйі карантиндік құжаттарының бар-жоғы анықталған соң фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісі толтырылады. Карантиндік өнімдерге тиісті фитосанитариялық және карантиндік сертификаттар болмаса, карантиндік тексерістен өтпесе Заңның негізінде айыппұл салынады.

Жәрмеңке немесе базарларда бақылау мен қадағалау жүргізгенде кәсіпкерлерге аталған құжаттың болуы керектігін және оларға карантиндік өнімдерді әкелетін жергілікті жерлердегі аумақтық инспекциялардың мекен-жайларын – беріп, сол жерлерден қаламызға әкелінетін карантиндік өнімдерге тиісті құжаттарды алу керектігін түсіндіремін.

Дегенмен, саудагерлер тарапынан тиісті заң талаптарын сақтамау орын алуда, жыл басынан қаламызда карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі Ереже талаптарын бұзған 3 факті анықталды. ҚР ӘҚБК 400 бабының 1 бөлімі бойынша оларға 68070 теңге көлемінде 3 әкімшілік айыппұл салынды.

Ал, қаламыздан облыс бойынша карантиндік өнімдерді елді-мекендерге жеткізу үшін 26 карантиндік тексеру актісі, «Самади-2020» ЖШС-не облыстан тыс жерге әкетілетін ұн өнімдеріне 2 карантиндік сертификат – берілді.

– Сәтбаев қаласына өнімдердің басым көпшілігі қай аймақтардан келеді?

– Биылғы жыл басынан бері қалаға 186 тонна ұн, 210 тонна жеміс-көкөніс өнімдері облыс орталығы Қарағандыдан, Түркістан, Шымкент, Қызылорда қалаларынан жеткізілді. Картоп өнімі Шет ауданынан, Абай ауданынан (Қарағанды облысы) келеді. Бұл ретте, өнімдердің барлығы сараптамадан өтетінін айтқым келеді. Зиянкестер анықталған жағдайда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

– Осыған дейін атқарылған жұмыстар тізбегі қандай?

– Ауылшаруашылық жәрмеңкесінде, базарларда, гүл дүкендерінде тексеру жұмыстары жиі жүргізіледі.

Бекітілген «Көшет» іс-шаралар жоспарына сәйкес қаланың ішкі сауда орындарында бірлескен шаралар жүргізілді. Мұнда карантиндік объектілермен залалданған және фитосанитарлық талаптарға сай келмейтін нысандар анықталған жоқ. Тамыз айында жеке және заңды тұлғаларға өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарын жеткізу туралы дөңгелек үстел өткізілді. Кәсіпкерлерге жадынама таратылды.

Ағымдағы жылдың маусым айында «Жеңіс» саябағы, «Горняк», «Восток» және «Меридиан» саяжай өндірістік кооперативтерінде, бірқатар көшелерде карантиндік арамшөп қызғылт укекіренің өңдеуге жататын ошақтарын анықтау бойынша ішінара-бақылама зерттеу жұмыстары атқарылды.

Залалданған жерлерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп, 5,5 га жер өңделді.

– Ал, тексерісті керек қылмай, қажетті құжаттарсыз өнімін саудалаған кәсіпкерлердің жағдайы қандай болмақ?

– Жоғарыда айтылғандай, карантиндік өнімдермен тиісті фитосанитариялық және карантиндік сертификатсыз сауда жасағандардың әрекеттері әшкере болса, карантиндік өнімдер құрамынан карантиндік объектілер анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті, кәсібі уақытша тоқтатылуы немесе мүлдем тыйым салынуы мүмкін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.