Ұлттарды ұйыстырды ұлттық спорт

Өткен аптада қаламызда ұйымдастырылған халықаралық тоғызқұмалақ турнирі өз мәресіне жетті. Бес күн бойы кіл мықтылар өзара сынасқан ойынның жабылу салтанаты Тұңғыш Президент күнінде өтіп, жарыс жеңімпаздары марапат төрінен көрінді.

Турнирдің салтанатты марапаттау шарасына қала әкімі Асқар Ыдырысов, дүниежүзілік және ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясының Президенті Әлихан Бәйменов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт ісі бойынша Комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қатысты. Мерекелік жиын басында алғаш болып сөз алған Асқар Абылайұлы турнирдің кеншілер шаһарында өткенін мақтаныш ететінін жеткізді.

– Бұл турнирдің біздің қаламызда өтуінің өзі үлкен бедел деп ойлаймын. Ұлттық спорт түрлерін жаңғырту, оларды жастарға насихаттау үшін осындай игі шараның берері мол, – деді қала әкімі.

Тоғызқұмалақ ойыны елімізде ғана емес, халықаралық спорт аренасында өзінің мән-маңызымен салтанат құрып отырған жайы бар. Олай деуімізге дәстүрлі түрде өтетін әлемдік жарыстар айғақ. Ұлттық ойынның осыншалықты танылуына ҚР тоғызқұмалақ Федерациясы жағдай жасап, игілікті істердің басы-қасында жүр. Кенді қалаға арнайы келген Федерация Президенті Әлихан Бәйменов ұлттық ойынның жаңғыруына жағдай жасалып отырғанына ризашылығын білдірді.

– Әлемде барлық ұлттың, болмыстың қалыптасуында сол ұлтқа тән өнер, спорт сайыстарының орны ерекше. Осыған орай қазақ мәдениетінің дамуына, ойлау жүйесінің қалыптасуына, айтыс өнері, қазақ күресі, атжарыспен қатар бұл ойынның да өзіндік орны бар. Тоғызқұмалақ әлемдік өркениетке біздің ұлтымыздың қосқан жарқын үлесі. Осы мәдени мұрамыз болып табылатын ойынымызды кеңестік кезеңде біздің Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев сынды ұлы тұлғаларымыз қайтадан жаңғыртты. Ал, шынайы халықаралық деңгейге көтерілуі тәуелсіздіктің арқасында болып отыр. Елімізде 10 мыңнан астам спортшы жарыстарға қатысса, 200 мыңдай азамат тоғызқұмалақ үйірмелеріне қатысып, үйреніп жүр, – деген дерек келтірді Әлихан Мұхамедияұлы сөз арасында.

Құттықтау сөздерінен соң құрметті қонақтар марапаттауға кірісті. Елбасының жүлдесіне арналған турнирдің қорытындысы бойынша қыздар арасында 3-ші орынды Роза Райымбекова (Павлодар) алса, бірінші және екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Салтанат Сапарбекова мен Лина Кәрімова өзара бөлісті. Ал, ерлердің арасында үздік өнер көрсеткен павлодарлық Бауыржан Абылайхан үшіншіні еншілесе, тағы бір керекулік тоғызқұмалақшы Жанат Қаймулдин екінші орынды иеленді. Елордадан келген Ғалымжан Темірбаев үздік деп танылып, жарыс жеңімпазы атанды. Марапат төрінен көрінген спортшыларға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дипломы мен медалі, сонымен қатар қомақты ақшалай сыйлық табысталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.