«Шаңырақ» жиһаз үйі ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында қаламыз жаңа жиһаз сауда үйімен толықты. Ерден көшесі 183«А» мекенжайында орналасқан «Шаңырақ» дүкені өткен бейсенбіде есігін айқара ашып, өз тұтынушыларын қарсы алды.

Салтанатты іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сұлтан Нарботаев, мемлекеттік қызметкерлер, дүкен иесінің туған-туысқандары мен қала жұртшылығы қатысты.

– Бүгінде елімізде шағын және орта бизнес саласы қарқынды түрде дамып келеді. Бұл ел өркендеуінің ерен үлгісі деп білеміз. Соның бір дәлелі – осы сауда үйі. Мұндағы сатылымға шығарылған жиһаздардың сапасы өз бағасына лайықты және басқа да өнімдермен бәсекеге түсе алады деген сенімдемін. Сондықтан да осы істеріңіз жалғасын тауып, берекесін беріп, тұрғындар игілігі үшін қызмет жасай берулеріңізге тілектеспін, – деді өз құттықтау сөзінде әкім орынбасары.

Ресми бөлімде әкім орынбасары мен дүкен иесінің әкесі Құрбан Бертаев салтанатты түрде лентаны кесіп, қазақтың салт-дәстүрі бойынша шашу шашылды. Осыдан соң Сұлтан Нарботаев ғимарат ішін аралап, тауарлардың сапасымен, түрлерімен танысып шықты. Дүкен иесінің сөзіне сүйенсек, мұндағы жиһаздардың барлығы да Қазақстанда жасалған. Сонымен қатар, тапсырыс қабылдап, әркімнің талғамына сәйкес дайындап та бере алады.

Жалпы жиһаз дүкенінің иесі Берік Ергенбаевтың жеке кәсіппен айналысып жүргеніне 5 жылға жуық болыпты. Дүкенді «Шаңырақ» деп атауының да себебі бар. Осыған дейін олар орталықтағы «Престиж» сауда үйінің екінші қабатын жалдап жүріпті. Енді өз күштерімен ғимарат салып, жеке шыққаннан кейін осылай атапты.

Қазіргі кезде қаламызда 400-ден аса сауда нүктелері жұмыс істейді. Солардың қатарына қосылған «Шаңырақ» сауда үйінде ас үй, қонақ үй, жатын бөлмелерге арналған жиһаздың түр-түрі бар және тауарды несиеге алу мүмкіндігі де қарастырылған. Дүкен иесі алдағы уақытта өз бизнесін әрі қарай дамытып, басқа да сауда орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.