Кестелі жыр төгіліп, сүбелі сөз айтылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жалпы жұртқа жарияланғалы бері ел қазақ өнерінің қазынасына қанық бола бастады. Оған дәлел – біздің қаламыздағы түрлі мәдени-спорттық шаралардың ұйымдастырылуы. Күні кеше ғана тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрі халықаралық деңгейде ұлықталса, текті сөзден түйін түйген термешілердің республикалық байқауы да кенді өлке тұрғындарын ғибраты мол өнерге қанықтыра түскен еді. Өткен демалыс күндері сәтбаевтықтар тағы бір төл өнерін төрге шығарды. Қаламызда алғаш рет «Ұлы дала үні» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.

Айтыс өнері – бекзат өнер

Дәл бір жыл бұрын, желтоқсан айында кенді шаһарда облыстық жас ақындар айтысы бар сән-салтанатымен ұйымдастырылған болатын. Биылғы жыл жыр дүлділі, термеші, жырау Шынболат Ділдебаевтың 80 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп, республикалық сөз бәйгесі арда азаматтың құрметіне орайластырылды.

Сенбі күні түс ауа бабадан қалған осынау өнерге елеңдейтін қазақтың бірсыпырасы Кеншілер сарайында бас қосты. Қараша халықтың мәдениет үйіне жиналуы мәйекті сөзге мән беретінін айқындағандай. Өмір шындығын бүкпесіз баяндар айтыстың шымылдығы ресми құттықтаулардан соң түрілді. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов құттықтау сөз сөйлеп, қазылар алқасының төрағасы, айтыстың ақтанкері атанған Аманжол Әлтайға құрмет көрсетуді жөн санады. Иығына шапан жауып, қазақы дәстүрдің үлгісін көрсетті. Өз кезегінде ақын бұл айтыстың Сәтбаев қаласында ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді.

– Айтыс – қазақтың қанына ата-тегінен сіңген қасиетті өнер. Ұлттық танымның керемет үлгісі. Ұлттық кодымыз дегенде, біздің нағыз генофондымыздың бірі – Шынболат ағамызды айтпай кетуге болмайды. «Тұлпар аунаған жерде түк қалады» дейді. Ағамыздың ізін басатын жас жыр дүлдүлдеріне сенім артып келіп отырған жайымыз бар. Бұл жыр бәсекесі сіздердің жүректеріңізде жүретін өнер кеші болсын дегім келеді. Құтты болсын, ардақты ағайын, – деді Аманжол Әлтай.

Құрметті төрден орын алған қонақтың бірі, белгілі қазақ руханиятының жанашыры, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Әлихан Бәйменов Ш.Ділдебаевтың сіңірген еңбегін өлшеусіз еңбекке балады.

– Шынболат ағамыз тек өз өлеңдерімен ғана есте қалған жоқ, өзінен кейінгі жастарға үлгі бола білді. Тоқсаныншы жылдардың басында республикалық айтыстарға Жезқазған аймағынан барған ақындарға жаттықтырушы болып, оларды жаңа деңгейге көтеруге үлес қосып еді. Енді бүгін, міне, сол еңбектің жемісін көріп отырмыз. Бүгінгі күні Шынкеңнің тәрбиесін көрген сол жастар кейінгі толқынға үлгі болып отыр. Мәдениеттің дамуы сабақтастыққа негізделеді. Сабақтастық мәдениеттің дамуының заңы болса, Шынкең халыққа өшпестей із қалдырып кетті, – деді Әлихан Мұхамедияұлы…

 

Комментарии закрыты.