Жаңа стратегия – мемлекет саясаты

Сәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын  насихаттау  мақсатында кезекті
отырыс өткізілді.

Отырысқа басқарма басшысының орынбасары Р.Шертаева төрағалық етіп, қаржылық және шарттарды тіркеу тобының  бас қазынашысы О.Қалиева «Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамашы мемлекет басшысының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыз адамдарды және өз бетінше жұмыспен айналысушыларды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламаға кеңінен тоқталды.

– Жаңа «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы қазақстандықтардың жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіншілік береді. Жұмыссыздар жұмысқа орналасып қана қоймай, сонымен қатар жаңа еңбек нарығына қажетті мамандық алуға, өз ісін ашуға мүмкіндіктер алады. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру, – деді баяндамашы. Одан кейін баяндамашы Бағдарламаның үш бағытына – өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және оларды жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға жеке-жеке тоқталып өтті.

Баяндама соңында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында қаламызда көптеген шаралар жүзеге асырылып жатқандығы, оның нәтижесінде жұмыссыздар санының азайып келе жатқандығы аталып өтті.

Басқарма басшысының орынбасары Р.Шертаева осының бәрі мемлекет саясатын жүзеге асыру, халықтың жағдайын жақсарту, тұрмыс деңгейін көтеру мақсатында атқарылып жатқан игі істер деп отырысты қорытындылады.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.