Тәуелсіздік және қазақтың демографиясы

Қазақстан халқының саны 16 миллиондық межеден екі рет «аттапты»: 1986 және 2010 жылдары. Ал 2010 жылдан бергі уақыт ішінде қазақстандықтардың саны, Аллаға шүкір деп айтайық, тағы 1,6 миллионнан астам адамға өсті. Тәуелсіздік жылдарында жеткен табыстарымыздың бірі – қазақтың демографиясы.

1986 жылы қазақстандықтардың саны тұңғыш рет 16 миллиондық межеден асты. Бірақ, бұл көрсеткіште республиканың байырғы жұрты, алып аумақтың түпкі иесі – қазақтардың үлесі небәрі 40 пайыздың шамасында болды. Қазақстан – кеңестік республикалар арасында жергілікті халқының саны басқалардан аз болған бірден-бір республика еді. Деректерге қарасақ, Кеңес тұсында қазақтың өз жеріндегі үлесінің халықтың жартысынан астамын құрауы тек 1926 жылғы санақта ғана тіркелген. Осы жылы жергілікті халық барлық Қазақстан тұрғындарының 58,52 пайызын құрапты. Ал 1930-жылдардан бастап өз жерімізде азшылыққа айналдық. 1989 жылғы санақта Қазақстанда басқа ұлттар үлесі халықтың төрттен бірінен төмен тек екі облыс қана бар екені анықталған: Қызылорда (қазақтар – 82,7 пайыз; басқалар – 17,3 пайыз) мен Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан, мұнда тиісінше: 76,5 пайыз және 23,5 пайыз). Жеті аймақта басқа ұлттар үлесі халықтың үштен екісінен жоғары болған. Қалған аймақтарда келімсектер үлесі 27,5 пайыз бен 47,1 пайыз аралығында болыпты.

Қайткенде де, өткенге – салауат. Өз жерімізде азшылыққа айналсақ та, Алланың рақым-шапағатынан құр қалмай, КСРО тарқаған тұста өзгелермен қатар біз де тәуелсіздігімізді алдық, отарлық қамытынан құтылып, өз алдымызға дербес ел болу бақытына жеттік. Ана бір жылдың тамыз айында Ұлытауда берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тәуелсіздік жариялағанда, Қазақстандағы қазақтың саны 40 пайыз болатын. 40 пайыз! Басқалар: «Сендер азсыңдар мына мемлекетте, қайдағы тәуелсіздік сендерге?» – деп айтпайтын ба еді? Дегенмен, елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, біз тәуелсіздік жарияладық», деген еді ағынан жарыла.

Тәуелсіздік жариялаған жылдары шетелдік сарапшылар Қазақстанға демографиялық құлдырау болжады. Бастапқыда бұл расқа шыққандай да болды. Тәуелсіздік жарияланған жылы Қазақстан тұрғындарының саны 16,8 миллион болса, он жылдан кейін 14,8 миллионға түсті. Елімізді бар тұрмыстық мәселелері шешулі, жайлы мекен санап, «иемденіп» алған басқа ұлттар өкілдері енді күй кете бастаған тұста, дереу жиналып, өз отандарын қайта тауып, үдере көшіп жатты. Демограф Мақаш Тәтімовтің деректері бойынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан аумағынан 3 миллионнан астам адам көшіп кеткен. Үкіметіміз олардың орнын сырттағы қазақтармен толтыруға тырысты. Өз тізгінін өз қолына енді ғана алған, ешкімнен еш көмек күтпейтін жас мемлекет экономикасы жағынан әлемнің алдыңғы қатарындағы Германия, сырттың көмегімен гүлденген Израиль елдері секілді, қазынадан қаржы бөліп, шетте жүрген қандастарын өз қатарына шақырды. 1991-2011 жылдар аралығында елімізге сырттан 1 миллион қазақ көшіп келді. Сөйтсе де, кеткендер мен келгендердің арасы тең емес. Кеткендердің орны келгендермен ғана емес, ең алдымен, табиғи өсім арқылы толды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасынан төмендей бастаған туу көрсеткіші 2002 жылдан кейін қайта көтерілді. Осы жылдан бастап халық саны да өсе берді. 2005-2010 жылдар аралығында Қазақстан халқының саны 1 миллионға көбейіп, 16 миллиондық межеден асты. Ал кейінгі бес жылда, жоғарыда айтқанымыздай, тағы да 1,6 миллионнан астам адамға көбейді. Бүгінде, ресми деректерге сай, халықтың саны 17 миллион 631 мың адамға жетті.

Еліміз халық саны жөнінен әлем мемлекеттері арасында 64-орында. Бірақ, халықтың тығыздығы жөнінен біз әлем бойынша ең соңғы орындардағы мемлекеттердің біріміз. Жеріміз кең, көршілеріміз – Қытай, Ресей сынды алып елдер, сондықтан демографиялық көрсеткіштеріміздің жылдан-жылға жақсаруы және басқа емес, өз ұлтымыздың есебінен жақсаруы біз үшін өте маңызды.

Үлкен жұбанышымыз, о баста Қазақстан демографиясына қатысты айтылған сұрқай болжамдар енді жоққа шығып отыр. Шетелдік сарапшылар Қазақстанда туу көрсеткішінің төмендейтіні туралы айтқанда, мұны тек тұрмыс жағдайының қиындығымен ғана емес, қазақтың көпбалалы отбасыға негізделген патриархалдық қоғамнан постиндустриялық қоғамға өтіп, санада өзгерістердің орын алатыны, бір өлеңінде Фариза ақын айыптап, шошына жазғандай, «Өзім үшін – өмірім!» – деген ұранмен ғұмыр кешетін, отбасын, баланы керек қылмайтын жаңа ұрпақ келетіні сынды келеңсіз жорамалдармен де байланыстырған еді. Бірақ, бұл ойлары ақтала қоймаған секілді. Қазақтың аз баладан көп баланы артық көретін жақсы қасиеті әлі де жойылып кеткен жоқ. Ресми деректер бойынша, қазір елімізде көпбалалы отбасылар саны, 2006 жылмен салыстырғанда, 20 пайызға көбейген. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлерінің саны екі есе артқан.

Интернет материалдары негізінде ықшамдап әзірленді.

Комментарии закрыты.