Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың асыл арманы

Ұзына бойы тарихымызда небір қиямет-қиындықтарды басымыздан кешкен, сан рет қирап, сан рет бой түзеген, «тарихтың тағдырлы көші» дейтін ұзақ жолда салтанатты өмір сүрген, хандары алтын тақта да отырған, алтын сарайларда да тұрған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз…

Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты, езіліп-жаншылған, жабығып-жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ. Соның салдарынан қазақ кезінде атамекенін тастап, жан-жаққа шашырап та кетті. Ресейге бодан болған үш ғасырда тарихымыз, ар-ожданымыз табанға тапталды. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа ұшырады. Өзгенің тариыхын өзімізге теліп оқытты. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батырларымыз – әжуаға, келекеге, тарихымыз – саясаттың құралына, Алаш арыстары өз халқының жауына айналды. Сана, дәстүр күйреді. Халық жадынан айырылды. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық.

Құдайға шүкір, Алла жасымызды көрді, тілегімізді берді. Басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін аштық. Кеше, басын бәйгеге тіккен батыр бабаларымыз жете алмады. Біз жеттік. Сөйтіп, көз алдымызда жер де, ел де, адам да, қоғам да, заман да демде өзгерді. Күл-талқаны шығып, быт-шыт болып қираған өндіріс ошақтары қайта жанданды. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Ию-қию күндер мен мехнат-қиындықтар ұмыт бола бастады. Небары ширек ғасырдың мұғдарында бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Ұлы көшті Нұрсұлтан Назарбаев бастады.

Нұрсұлтан Әбішұлы ел тізгінін қолына алмағайып, аумалы-төкпелі, қиын кезеңде алды. Бабаларымыз мирас еткен сара жолдан тайған жоқ, ел бірлігін тәуелсіздігіміздің туы етіп көтерді. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты.

Елдің тілегімен, халқының қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың бірінші желтоқсанында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті болып сайланды. Тәуелсіз мемлекет орнату, оны баянды ету қиынның қиыны еді. Осы жауапкершілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып, мойнына алды, өз тағдырын елінің тағдырымен жалғады, сөйтіп, халқының үзілген үмітін, шырағын жақты.

Алмағайып заманда, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Президент: «Мен халқымның тәуекеліне сендім. Өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған осындай текті халыққа, мені төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бір де бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – тәуелсіз мемлекет құрудың бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық бақыт жоқ, осы жолда мен бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…» деп жүрді. Содан бері Елбасы үнемі халқына сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігі, елдің ынтымығы.

Мемлекет орнату үшін бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Ырың-жырыңға жол бермеу керек еді. Осы жолдан Елбасы ешқашан тайған емес. Одақ тарағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың бәрі де дағдарысқа ұшырады. Қалыптасқан колхоз-совхоздар ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақшалар, мектептер, мәдениет ошақтары талан-таражға түсті, экономика құлдырады, ел күйзеліп, жұртты үрей биледі. Ауыл әбіржіп, жұрт қалжырап, зиялылар жаутаңдап, жастар сандалып қалды. Ел ішінде маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, өзге де індет етек алды.
Неше түрлі арандатушылар шықты, жұртты әбіржітті, ел ішіне іріткі салды. Елдің есі шықты. Небір «шешендер» шықты суырылып. Неше түрлі газеттер шыға бастады. Қысқасы, жұрт бетімен кетті. Солардың көбі жаңа ғана тәй-тәй басып, қаз-қаз тұрып, тілерсегі дірілдеп, құлағы қалқайып келе жатқан тәуелсіздікке демеу болудың орнына бөгеу болды, кесірін тигізді.
Сол бір алмағайып кезеңде Елбасы халықтың ортасынан шыққан нағыз интеллектуал екендігін, саясатта салқынқандылық, төзімділік керек екендігін шебер дәлелдеді. Кемеңгерлікке тән мінез танытты. Ел сенімін ақтады. Құдайға шүкір, соның арқасында Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреп, азаттықтың ақ таңы атты. Қаланың да, даланың да ажары кірді. Жаңа қоғам, жаңа заман, жаңа адам келді. Ой-сана, тұрмыс-тіршілік өзгерді. Тарих, әдет-ғұрып, дәстүр қайта жаңғырды. Ел жаңарды, жер түледі. Мемлекеттілігіміз бекіді, баянды ішкі, сыртқы саясат орнықты.

Елбасының ендігі арманы – бағзы замандардан кім келіп, кім кетпеген, талай мемлекет салтанат құрған, әлемді аузына қаратқан, хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, талай өркениет қалыптастырған Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату. Ұлы Дала Елі – талай өркениеттердің қауышқан-тоғысқан алтын құндағы. Мәңгілік Ел – Ұлы Далада керегесін кең жаятын ұлы құбылыс. Мәңгілікке қарай қадам бастық, құтты болсын! Еліміз мәңгі болсын, Тәуелсіз Қазақстан қатарының алды болсын!

Жақия Күнеділов,
қалалық мәслихаттың
депутаты, Сәтбаев
қаласының Құрметті
азаматы.

Комментарии закрыты.