Тұрғындардың сұрақтары жауапсыз қалды

Тұрғындардың сұрақтары жауапсыз қалды Өткен аптада қалалық №5 учаскелік бекетінің инспекторларының ұйымдастыруымен Абай көшесіндегі 46 үйдің тұрғындарымен кездесу өтіп, оған Сәтбаев қалалық ІІБ бастығының орынбасары А.Каримов, Төтенше жағдайлар бөлімінің инженерлері Б.Мырзатов пен А.Құлатаев қатысты. Кездесу деуге болар ма екен, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беретін Сәтбаев қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінен келеді деп күткен өкілдер көрінбеді. Дегенмен, жаңбырлы күнге қарамастан аулаға жиналғандар учаскелік бекеттің аға инспекторы, полиция капитаны Б.Садуақасов пен учаскелік инспектор, полиция лейтенанты Е.Баядиловқа көптен мазалап жүрген сауалдарын қойды. «Үйіміз авариялық жағдайда, осыған қандай шара қолданып жатырсыздар? Күндердің күнінде 4-ші подъезд түгелімен құласа қайтеміз, балалар болса аулада ойнап жүреді. Үстеріне құламасына кім кепіл? Былтыр күзде сырлап бастаған жұмыстары да аяқсыз қалды. Кімге барамыз, кім жауап береді?» – сынды сұрақтардың кейбіріне инспекторладың жауаптары табылып жатса, кейбір сауалдарға «бұл жөнінде әкімшілікте орналасқан тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарынан білулеріңізге болады» – деп жатты. Айтқандай-ақ қашаннан қауіпті жағдайдағы үйлердің қатарында тұрған 5 қабатты бұл үйдің тұрғындары жартылай көшіріліпті, барлық терезелері және сыртқы есік темірмен бекітіліп тасталынғанын көрдік. Бірақ, мамандардың бүл күні келмей, өзекті мәселеге бей-жай қарағанына келсек, бұл үйдің жыры жақын арада да шешілмейтінге ұқсайды. Осы авариялық подъезд жөнінде А.Құлатаев «Төтенше жағдайлар бөлімінің тарапынан үстіміздегі жылдың қаңтар айында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Н.Балтыновтың төрағалығымен комиссия құрылып, осы үйдің мәселесін көтерген. Барлық жағдайды бақылап, саралап болған соң қалалық сәулет бөліміне жіберілді. Ендігі жерде қалған мәселені солар қарастырады» – деді. Қала әкімдігінен келетін мамандарды әрі күтіп, бері күтіп болмаған соң, тұрғындар жауапсыз қалған сұрақтарын қалалық әкімшілікке хатпен жолдауды ұйғарып, кезекті жиналысты алдағы күндердің бірінде өткізуге келісті. Г.Әжібаева.

Комментарии закрыты.