Тәуелсіздік – тірегім, Ата заңым – айбарым

Талай қилы заманды бастан өткеріп, ешкімге бас имеген қазақ халқы қазір әлемдік дүбірге қосылды. Тәуелсіздік жарияланғаннан бергі тұста көптеген табыстарға қол жетті. Елдегі мемлекет қызметін, оның органдарының, соттардың, прокуратураның, сонымен қатар адамның, азамат пен азаматтық қоғамның негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттерінің түбегейлі принциптерін анықтайтын құжат – Конституцияны қабылдау үлкен жетістік болды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Ата Заңымыздың қабылданғанына 16 жыл.

Аз ғана уақыт ішінде  Қазақстан жаңа құқықтық жүйесі, экономикалық құрылымы, азаматтық қоғамы бар жаңа мемлекет ретінде әлемге танылды. 1995 жылдың 30 тамызында барлық қазақстандықтар шынайы азаматтық қоғам құруға қажетті құқықтық нормалар қабылдау үшін жалпы халықтық референдумда дауыс берді.

Жаңа Конституция экономикалық реформаларға қарқын беріп, мемлекеттік құрылым мен қоғамдық қағидаттарды нығайтудың заңнамалық базасын құруын қамтамасыз етті. Осыған байланысты еліміз үшін жаңа демократиялық институттар құрылды, билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлініп, демократияның негізгі қағидаты іске асты.

Еліміздің заңы уақыт сынынан өтіп, өзінің өміршеңдігін, орнықтылығын дәлелдеді. Оның базалық жағдайы барлық халықаралық стандарттарға сәйкес және қазіргі кездегі мемлекет пен қоғамның негізгі даму үрдісімен тығыз байланыста. Конституциямен бекітілген мемлекеттік басқару моделі өзін-өзі толығымен ақтады. Елімізде президенттік институт, қос палаталы Парламент, Үкімет, конституциялық бақылау органы және басқа да мемлекеттік органдардың жұмыс істеуі соның айғағы.

Қылмыстық саясатты ізгілендіруді іске асыру үшін Қылмыстық кодексті қабылдауға қадам жасалды. Бұл айрықша жаза қолданылуы мүмкін ауыр қылмыс санының азаюына ықпал етті. Мемлекет басшысының 2003 жылы өлім жазасын атқаруға мораторий енгізуі де ізгілендіру жолында жасалған тағы бір қадам болды.

Ел Конституциясының кейбір ережелері республикалық референдумда қабылданған сәттен бері мемлекет пен қоғамның дамуына және уақыт ағымына сай екі мәрте өзгертулер мен толықтыруларға ұшырады. 2007 жылғы өзгерістер мен толықтыруларда еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінің негізі заңнамалық іргетасы болып табылатын «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңдарға өзгертулер енгізілді. Ал, 2008 жылдың қыркүйегіндегі өзгеріске сай, тұтқындарға рұқсатты тек сот береді, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бұл өзгеріс азаматтардың еркіндігі мен құқығын қорғаудың қалыптасқан мемлекетішілік механизмдерінің халықаралық-құқықтық формаларымен біртіндеп толығып отыруын қамтамасыз етті.

Барлық қазақстандықтардың құқықтарының теңдігі, саяси тұрақтылықтың басымдылығы негізінде елімізде этносаралық, конфессияаралық келісім нығайып,  халықаралық қауымдастыққа үлгі болды.

Конституцияда қазақстан адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазынасы болып табылатын демократиялық, құқықтық мемлекет деп көрсетілген.

Қазір қоғамда адамдардың болашаққа деген көзқарастары өзгерген, мемлекетіміздің одан әрі дамып-гүлденуіне сеніммен қарайды. Ата Заң әлеуеті үстемдік алған Қазақстанның саяси және әлеуметтік әділетті, экономикалық еркін ел ретінде берік іргетасын нығайта түсті.

Конституция  Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана қалыптасып, танылып қана қойған жоқ, ол барлық заңдардың бастауына айналды.

Ойымызды жинақтай келгенде айтарымыз1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Ата Заңның жарыққа шығуы ел халқы үшін Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихынада елеулі оқиға болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған Ата Заң бүгінгі таңда елдің айбарына айналды.

Дайындаған Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.