Аудан әкімінің шыршасы жылдағыдан ерекше өтті

Ұлытау ауданының орталығындағы «Тассай» дәмханасында өткен Ұлытау ауданы әкімінің жаңажылдық шыршасын жұртшылық көпке дейін жыр ететіндей болды. Онда балаларға базарлық ретінде ноутбуктер берілді…

Жаңа жыл мерекесін әсіресе балалар асыға күтетіні мәлім. Ай жарым уақыт бұрын өздері қалаған ертегі кейіпкерлерінің кейімдерін әзірлеп, мерекені есте қаларлықтай өткізуге дайындалады. Биыл да Ұлытау ауданындағы селолық округтер мен кенттерінде тұратын көп балалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасыларының балалары жаңа Жыл кешін осылай асыға күткен еді. Енді ол мереке бүлдіршіндердің есінде мәңгі қалатын болды.
«Тассай» дәмханасында құрылған шыршаның шамын өзі жаққан аудан әкімі Әнуар Омар кеш қонақтарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
– Өткен жыл еліміз үшін есте қаларлық оқиғаларға толы болды. Күллі әлем көзін тіккен «ЭКСПО» көрмесін абыроймен өткіздік. Келер жыл да бізге үлкен мерекелер әкеле жатыр. Алдағы жылы біз Елордамыздың 20 жылдығын тойлаймыз. Осы торқалы тойға сіздер де өздеріңіздің білімдеріңіз бен біліктеріңіз арқылы үлес қосады деген сенімдеміз, – деді Әнуар Серікбайұлы өз сөзінде.
Шырша тойында балалар ән-жырдан шашу шашып, Аяз Ата мен Ақшақардың сыйлығына кенелді. Бұл мерекедегі балаларға берілген басты базарлық ноутбук болды.
Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.