Әкім ардагерлерді құттықтады

Айтулы мерекелер мен атаулы күндер қарсаңында қаламыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан соғыс және еңбек ардагерлерінің үйіне барып, сый-сияпат жасау Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысовтың үйреншікті ісіне айналған. Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл мерекесі қарсаңында да қала басшысы қатары сиреп қалған қазына қарттарымызды тағы бір мәрте қуантты…

Қасына қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук пен «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастановты және қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаевты ерткен Асқар Абылайұлы ең әуелі қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, соғыс және еңбек ардагері Шермұханбет Байбосыновтың үйіне соқты.

– Сіздердің кешегі отты жылдардағы ерліктеріңіз бен бейбіт замандағы еңбек үлгілеріңізді бүгінгі ұрпақ ешқашан ұмытпақ емес. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтамыз, – деген қала әкімі ардагерді ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығымен және келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ескерткіш сыйлықтар табыс етті.

Өз кезегінде Шер-аға да әркез қамқорлық танытып жүретін қала басшылары мен ізбасарларына риясыз көңілін білдіріп, алғысын жаудырды.

Қошеметші топ бұдан соң соғыс және еңбек ардагері Тоғай Дауылбаевтың үйіне барып, бүгінде тоқсанның бесеуіне келген абыз атаны қос мерекемен құттықтап, сый-сияпаттарын тапсырды.
– Бүгінгі ұрпақ, сендер бақыттысыңдар. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткіздіңдер. Енді соны уыстан шығарып алмаңдар. Соғыс деген сұмдықты көрмей, бақытты ғұмыр кешіңдер, – деген ақжарма тілегін жеткізді Тоғай ата толқып тұрып.

Комментарии закрыты.