Кетбұқаға арналған экспозиция ашылды

Өткен аптада Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде «Азат рухтың жаршысы – Кетбұқа» атты экспозицияның ашылу
салтанаты өтті.

Салтанатты шараның шымылдығы ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ізтөлеу Түсіптің «Кетбұқадай ер қайда?» атты арнауымен түрілді. Бұдан соң Жезқазған қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева жұртшылықты маңызы зор рухани шараның ашылуымен құттықтады.

Экспозицияның лента қию рәсімін Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұзараф Аханов пен еңбек ардагері Әлжаппар Әбрезов жасады. Экскурсияны музейдің тарих және археология бөлімінің басшысы Ғабдол Әуезов жүргізді. Экспозицияның ашылуына мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, музей қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қатысушылар «Дидар» телеарнасы дайындаған Кетбұқа баба жайлы бейнесюжетті тамашалады, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнің орындауындағы «Сақ болғың, ұрпағым, сақ болғың!» жырын тыңдады.

Шара барысында музей басшысы Раушан Қапарова сөз сөйлеп, Жезқазған музыкалық колледжінің студенті Барақбай Бексұлтан «Ақсақ құлан» күйін орындады. Қ.И. Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейінің 11 «а» сынып оқушысы Қасым-жомарт Көбейсін «Ұлы бабам – Кетбұқа» атты өлеңін оқыды. Қатысушылар өз ойларымен бөлісті.

Орайы келгенде айта кетейік, атақты жырау, кемеңгер би, ержүрек қолбасшы Кетбұқа бабаның ел тарихында алар орны ерекше. Ал, оны дәріптеп, елге жеткізуде Жезқазғанда 2014 жылы құрылған «Қазақтың Кетбұқасы» Қоғамдық бірлестігі үлкен жұмыстар атқарып келеді.
Еркебұлан Қамалиев.

Комментарии закрыты.