Еске алды жұрт Есқожасын

Өткен аптада қала жұртшылығы есімі ескерусіз қалып келген жерлесіміз, көптеген әндердің авторы Есқожа Сартовты еске алды. Мезгілсіз дүниеден өткен дарын иесінің құрметіне орай «Сағына ма мені?» әнтаспасы мен «Ғажап әнім» атты әндер жинағы шығарылды. Қаламыздың кәсіби композиторлары мен әншілерінің басын қосқан кеште талғамы биік композитордың әндері шырқалды.

Әнтаспа мен жинақтың тұсаукесеріне арналған кештің шымылдығы қазақша биден соң түрілді. «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастановтың жүргізуімен өткен шара барысында қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина сөз сөйлеп, өнер иесінің музыка саласындағы орны төңірегінде әңгіме өрбітті.

– Музыка өнері қай кезде де айрықша бағаға ие. Ақындар тебіреніп өлең жазса, оған сазгерлер өздігінше әр беріп, талғамы биік тыңдарманның жүрегінен жол тауып жатады. Міне, сондай бір ардақты композиторлардың бірі, жерлесіміз Есқожа Сартов ән өнерінде қыран құстай қалықтады. Жүрегінен шыққан туындылары бүгінгі кешке арқау болды. Оның музыкалық мұрасын түгендеуге қаламыздың музыка саласының азаматтары жұмыс атқарады деп сенемін, – деген Айгүл Қосманқызы, жарық көрген әнтаспа мен әндер жинағын композитордың інісі Досқожа Сартовқа салтанатты түрде табыстады.

Ресми құттықтау сөзінен соң, аймағымызға белгілі әншілер Есқожа Сартовтың туындыларын орындауға кірісті. ҚР еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов Сәкен Сейфуллиннің сөзіне жазылған «Еркіндік таңын» орындаса, ақын Төлеген Айбергеновтың «Ақ қайыңдарын» С.Қожамқұлов атындағы театр әртісі Мира Сабырқызы шырқады. Жас әнші Мақсат Жұманазаров Тұманбай Молдағалиевтың «Сағына ма менін» өздігінше орындады. Кешке атсалысқан азаматтарға тұсауы кесілген жинақтар табысталды. Дәстүрлі әнші Ғалым Мұхамедин көзін көріп, бірге жүрген замандасы жайында сыр шертті.

– Есқожа филармонияда «Жезкиік» деген ансамбльде еңбек етті. Музыка десе ішер асын жерге қоятын азамат еді. Сол кездерде синтезатор, орган сынды аспаптардың құлағында ойнайтын. Көптеген әндерді жарыққа шығарды. Қазақ өнерінің майталмандары Еркеғали Рахмадиев, Құддыс Қожамияров, Ахмет Жұбановтар Есқожаның шығармашылығына зор баға берді. Көп әндері мұрағатқа жазылмай қалды. Ескерусіз қалды. Маған домбырамен айтылатын тамаша ән жазамын деп жүретін. Жазмышқа не шара, – деді Ғалым Мұхамедин.

Сартовтар әулетінің атынан Е.Сартовтың аға-жеңгесі Өмірбек Сартов пен Зейнеп Әбілбекова алғыс жаудырып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Әсерлі естеліктердің соңын әуелеген әндер жалғады. «Ғажап әнім» атты жинаққа енген жергілікті композиторлардың әндеріне де орын берілді. Нұрлан Керімбековтың «Жігіт сұлтанын» Айгүл Күлшікенова, «Анама» әнін Құрманғали Тәшетов, «Сағындым балалық шағымды» Мәжит Тоғайбеков шырқады. «Тәуелсіздік толғауын» Алтынбек Сейтпеков орындады.

Кештің шымылдығы сазгердің соңғы әндерінің бірі, белгілі журналист Көбейсін Еңсебаевтың сөзіне жазылған «Ғарышкер» әнімен жабылды. Жергілікті өнерпаз Нұрахмет Қаршығанов шырқаған ән Тоқтар Әубәкіровтың құрметіне арналыпты. Кейінірек бұл әнге қайраткердің өзі «Мен ғарышқа барып келгелі бірнеше ән шығарылды, мынау солардың бәрінен де мықты, ғажап жазылыпты» деген баға берген екен.

P.S. Есқожа Төленұлы Сар­тов 1950 жылы Қарағанды облысы Жезқазған кентінде туған. Ол оқушы кезінде жас композиторлар арасында өткен республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Оның әндері сол кездегі «Қазақстан пионері» газетінде жарияланып тұрды, ол туралы Алматы теледидары арнайы хабар түсірді. 1967 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, үздік дипломмен бітірген Есқожа Жезқазған өңіріне келіп, жаңа өнер топтарын құруға атсалысты. Е.Сартов 1995 жылы өмірден озды.

Нұрлат Қонысбай.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.