Мәуліт мерекесі аталып өтті

Кеншілер сарайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің туылған күніне арналған «Мәңгілік өнеге – Әз Мұхаммед» атты рухани Мәуліт кеші ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Кешке арнайы шақырылған елімізге танымал «Өнер қырандары» театрының ұжымы тағылымды қойылымдар қойды. Діни әндер мен жырлар орындалды.

Адамзаттың асыл тәжіне теңелген Мұхаммед пайғамбардың жүріп өткен жолы мұқым мұсылман баласы үшін ардақты. Күллі әлемге рақым етіп жіберілген Алла Тағаланың сүйікті құлы діни ахуалдың мүшкіл кезеңінде мейірім мен мейірбандықтың, адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгілік пен жақсылықтың, көркем мінез-құлықтың үлгісін көрсетті. Сол себепті де хазреті Пайғамдарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік күні бүгінге дейін артпаса кеміген жоқ. Алла елшісінің бұл дүниеге келуінің өзі ақиқат іздеп, тура жолға бет түзеген мұсылманның мерейлі мерекесінен саналады.

Ұлық мерекені атап өту Жаратушы Алла тағаланы мадақтауға бағытталған Құран Кәрім аяттарынан басталды. Салтанатты шарада Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Нарботаев келген жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады. Одан кейін елімізге белгілі театр өкілдерінің Мұхаммед (с.ғ.с.) өмір жолы, пайғамбарлыққа дейінгі және кейінгі кезеңдерді қамтыған Ислам тарихынан көрінісі кешке көрік берді. «Мешіт салу» атты сахналық қойылымда өнер иелері құлшылық орнын салудың сауапты істен екендігін, Алла үйіне тек құрылыс нысаны ретінде қарамауды меңзеген ұжымның көрінісі көпшіліктің көңілінен шығып жатты.

Мәуліт мерекесімен құттықтауға келген Жезқазған аймағы бойынша өкіл имам Мәди Смағұлов Алла елшісінің ғибратқа толы өнегелі өміріне тоқталды. Ал «Харекет» қайырымдылық қорының төрағасы Алғадай Әбілғазыұлы қаламызда тұрып жатқан көпбалалы отбасына пәтер кілтін табыстады.

– Сүйікті Пайғамбарымыз бауырмашылдықты, бір-бірімізге көмек қолын созуды өсиет етті. Содан болар, ықылас танытқан азаматтардың қолдауымен осы қор өз жұмысын бастаған болатын. Содан пәтерге жететін қаражат жиналған соң, тұрмыс тауқыметін тартқан азаматтарға баспана іздеуге кірістік. Сәті солай болды ма, сол пәтер сіздердің қалаларыңыздан табылды. Бүгін сол үйдің иегерлеріне кілтін табыстап отырмыз. Бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп жүрейік, – деген қор төрағасына қала әкімінің орынбасары алғыс айтып, қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Мәуліт күніне арналған шарада имандылық жолында сан мыңдаған қиындықтардан жол тауып шығатын, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін сырлы монологтар, бейнероликтер, діни ән-термелер орындалып, тыңдаушының тынығып, ой топшылауына ықпал етті. Мәуліт мерекесін тойлауды қазақтың ұлттық дәстүріне жақындату үрдісі осы күні еркін байқалып тұрды. Діни әндер домбыраның сүйемелдеуімен орындалып, тыңдарманның талғамынан шығып жатты. Әлбетте, бұл өз кезегінде жастардың жаппай имандылыққа бет бұруы мен ниет етуіне зор септігін тигізгендей болды.

Нұрлат Қонысбай.
Суреттерді түсірген автор.

 

Комментарии закрыты.