Кеш қызықты көңілді тапқырлармен

Қаламызда оқушылар мен студенттер арасындағы көңілді тапқырлар клубының кезекті ойыны өтті. Тәуелсіздік мерекесіне орай өткен аймақтық деңгейдегі шара мықты әзілқой командалардың басын қосты.

Сәтбаевтың жастары әзілге көп мән берсе керек, Кеншілер сарайына ағылған жұрттың қарасы қалың болды. Кәдуілгі кештен жалығатын жастардың бұл жолы көздері жалындап-ақ тұрды. Себебі, бүгінгі күні көңілді тапқырлар клубы көпшіліктің көп қаралатын, көп атсалысатын ойынына айналып үлгерді.

Сахна мәдениеті, ән мен би, ұтымды тапқырлықты қажет ететін бұл ойынның негізгі шарты – қоғамның келеңсіз тұстарын әжуалап, сынға алып, көрерменнің көңілін таба отырып, әзіл-қалжың арқылы айызын қандыру. Бұл мақсатты орындауда қатысушылар аянып қалған жоқ. Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданынан келген барлығы 12 команда астарлы, зілді әзілдерін ортаға салды. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді негізге алып, қағытпа қалжыңдарымен кештің көркін қыздырды.

Тартысты өткен бәсекенің қорытындысы бойынша, әсерлі ойын көрсете білген командалар Алғыс хаттармен марапатталды. КТК ойындарының осы ширек финалында үздік өнер көрсетіп, «Тәуелсіздік-2017» кубогін жеңіп алған №3 мектебінің «Үштің өзі – күш» командасы ақтық мәреге жолдама алды.

Әли Мұңайтпас.

Комментарии закрыты.