Жылдар жаңғырығы

Жаңа 2018 жыл ала келген айшықты шаралардың бірі де бірегейі – Сәтбаев қаласының 45 жылдық мерейтойы. Қаланың жылнамасын жазып отырған жалғыз басылым болғандықтан, оның алғашқы санын да осы торқалы тойдың тарихымен бастағанды жөн көріп отырмыз.

45 жыл азғана уақыт болып көрінгенімен, оның тарихы тым тереңде. Әріден айтсақ, алғаш кен орындары ашылған кезеңдермен де байланысты деуге болады. Өйткені, кен қопарған бабаларымыз бұл жерге ең алғаш лашықтарын тіккені аян. Ал, беріден қозғасақ, кешегі ағылшын көпестері артельдерінің де осы өңірде іргетасы қаланды.

Кейін кеңес өкіметі орнаған соң аймақта шағын жұмысшы қосындары мен поселкелері бой көтерді.

Сәтбаев қаласының негізі сол шағын жұмысшы поселкесінен қаланды. 1956 жылы Никольский жұмысшы поселкесі өмірге келді. Сол жылдары мұнда жылу қазандығы, тұрғын үйлер, дүкендер, аурухана салынып, су-жылу құбырлары тартылды. 1957 жылдың наурызында Никольский поселкелік еңбекші депутаттар кеңесі құрылды.

Жыл өте жұмысшы поселкесінің қанаты жайыла түсті. Алпысыншы жылдары мұнда 17 мыңдай адам тұратын 110 шаршы метрге жететін тұрғын үй қоры болды. 1962 жылдары екі-үш қабатты ағаш үйлер тоқтап, 4-5 қабатты бетон үйлер салына бастады. Айналасы 20 жылдай уақыт ішінде шағын жұмысшы поселкесі үлкен қалаға айналды.
1973 жылдың 25 желтоқсанындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жезқазған қалалық кеңесіне қарасты Никольский поселкесі облыстық дәрежедегі қала атағына ие болды.

Ал, араға тағы жиырма жылдай уақыт салып, яғни, 1990 жылдың 13 қыркүйегінде Никольский қаласы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қауылысымен Сәтбаев қаласы болып аталды.

Биыл өзінің 45 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған кеншілер қаласының әр жылы өз алдына жеке-жеке тарих. Қаланың қалыптасуы жолында өндіріс пен құрылыстың, ауыл шаруашылығы мен өзге де шаруашылық салаларының үлестері өз алдына бір бөлек дастан. Біз осылардың бәрін жыл бойы үзіліссіз жазып тұратын боламыз.

Б.Ізбасаров.

Комментарии закрыты.