Айтулы жылдағы кеншілер мерекесі

Биылғы кеншілер мерекесінің бір ерекшелігі – Қазақстан  Тәуелсіздігінің 20 жылдығы  аталып өтуінде. «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің еңбеккерлері өндірістегі табыстарын осы елеулі мерекеге арнап отыр.

Тамыздың 26-да Сәтбаев қаласының тұрғындары қалыптасқан дәстүр бойынша кеншілердің кәсіби мерекесін атап өтті. Бұл күні Абай көшесінің бойын жағалай киіз үйлер тігіліп, күй күмбірлеп, ән шырқалды.
«Өлі риза болмай тірі байымайды» демекші, бұл күні сағат 10-да Балмағамбет Балқыбай атындағы қалалық орталық мешітте жұмыс орнында қаза болған кеншілерді еске алу рәсімі өтті.

Оған қала әкімі Б.Шыңғысов, «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің өндіріс жөніндегі директоры Т.Мағзұмов, бірлестіктің кәсіподақ комитетінің төрағасы Ш.Кененбаев, бірлестіктің әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры Т.Тәжбенов келді. Талғат Мағзұмов жиналғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, кеншілердің отбастарына амандық-саулық, құт-береке тіледі. Одан кейін қалалық орталық мешіттің бас имамы Бақдаулет қажы қаза болған кеншілерге дұға оқып, Құран бағыштады. Еске алу рәсімінен кейін мешіттің асханасында ас берілді.

Содан кейін қала және «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің басшылары киіз үйлерді аралап, кеншілерді төл мерекелерімен құттықтап шықты.

Қала тұрғындары бұл күні «Жомарт» кенішінің киіз үйі ауласында ұйымдастырылған «Жезқазғантүстімет» ӨБ-і мұражайының көшпелі көрмесімен танысты.

Осы кеніштің кәсіподақ комитетінің төрағасы Бауыржан Байтоқовтан еңбек ұжымының бүгінгі жұмыс қарқынын сұрадық. – Біздің кеніш ең жас кеніштердің бірі. Сонда да болса артқы екі жылда жылдық тапсырманы ойдағыдай орындап келеді. Шалғайда орналасқан кеніште жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Кеніште жайлы жатақхана, тұрмыстық кешендер бар. Қол боста спортпен айналысуға да мүмкіндік баршылық. Жақын арада «Жомартта» жасыл футбол алаңы бар стадион іске қосылады. Бүгін біз төл мерекемізге орай құрылған киіз үйімізде еңбек озаттарын қошеметтейміз. Биылғы жылы «Жомарт» кенішінен кен өндіру бригадирі Валерий Утаев пен бұрғышы Медет Махатов «Кенші даңқы» белгісінің ІІ, ІІІ дәрежесімен аталып өтілді. Кәсіподақ тарапынан бірқатар кеншілер кен өнеркәсібі мен металлургия саласының кәсіподағы Орталық Кеңесінің, аймақтық және «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің кәсіподақтарының Грамоталарымен марапатталды, – деді.

Түске таяп кеншілер алаңында мерекенің салтанатты ашылуы өтті. Оған қала жұртшылығы, кен өндірісінің ардагерлері қатысты. Жиналғандарды Сәтбаев қаласының әкімі Б.Шыңғысов құттықтап, кеншілердің Елбасының саясатын жүзеге асырудағы ерен еңбегін атап өтті. Сонымен бірге, Бауыржан Қабденұлы сәтбаевтықтарды мемлекеттік мереке – Конституция күнімен де құттықтады. «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің өндіріс жөніндегі директоры Т.Мағзұмов бүгінгі той иелері – кеншілер мен олардың отбастарына амандық-саулық, жемісті еңбек пен  молшылық тіледі. Кеншілер атынан сәтбаевтықтарды Батыс Жезқазған кенішінің жұмысшысы Ә.Әлменов құттықтады.

Бұл күні орталық алаңға жиналғандар қазақша күрестен және каратэден өткен аймақтық турнирді тамашалады. Бұл сайыстарға Оңтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен  Жаңаарқа ауданының,  Жәйрем, Қаражал, Қарсақбайдан келген спортшылар қатысты.

Кеншілердің төл мерекелерінің ажарын аша түскен бағдарламаның бірі – Қазақстан және шетел эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама болды. Кешкілік аспан астында өткен концерттік бағдарламаны КТК ойындарының республикалық жүлдегерлері «Астана.кz» тобы жүргізді.

Мерекеге арналған кешке құрметті қонақ ретінде Сәтбаев қаласының әкімі Б.Шыңғысов, Жезқазған қаласының әкімі Б.Әбдіғалиұлы және т.б. лауазым иелері қатысты.

Кештің шымылдығын барша қазақстандықтың сүйікті әншісіне айналған Айгүл Имамбаева ашты. Өзінің әсем де сазды үнімен жиналғандарды тәнті еткен Айгүл жаңа әндерімен қатар, бұрыннан орындап жүрген әндерін тарту етті.  – Кенші мамандығы ауыр да қауіпті мамандықтардың бірі. Ел экономикасының қарыштап дамуына бірден-бір себепкер болып отырған кеншілердің жанқиярлық еңбегінің алдында бас иемін. Сәтбаев қаласы  дамып, өркендей берсін, – деп тілектестігін білдірді әнші.

Одан кейін сахна төріне Алмаз Кішкенбаев көтеріліп, жастар жағын бір желпіндіріп тастады. «Индиго», «FM» топтарының орындаған әндері жастардың ықыласына бөленді. Халық әндері мен қазіргі композиторлардың әндерін нақышына келтіре орындаған  «Жігіттер» тобының орындауындағы әндер ерекше әсер қалдырды.  Жігіттермен сұхбатымызда олар қажырлы қайраттың иелері – кеншілердің елге қосып отырған үлестерінің ерекше екенін айта келе, дендеріне саулық, бастарына амандық тіледі.

Ерболат Құдайбергенов пен Жеңісхан жастардың қошеметіне бөленді.

Бірнеше жыл қатарынан «Қазақмыс» корпорациясымен тығыз қатынаста жұмыс атқарып келе жатқан Нұрлан Абдуллин сахна төріне шығып, ән салғанда жиналғандардың ішінде аға буынның оған деген құрметі ерекше болды.  Өз кезегінде әнші Сәтбаев кеншілерінің даңқы өрлеп, қауіпсіз еңбек арқылы биіктерге жете беріңіздер деген жалынды тілегін арнады.

Арнайы қонақ ретінде шақырылған Германиядан келген «NANA» тобы кештің соңына нүкте қойды.

Жиналған көпшілік кеншілердің құрметіне арналған отшашуды тамашалап, тарқасты.

Шыңыраудан кен алған кеншілердің бұл мерекесі – жай атап өте салу үшін ғана  емес, еңбекке шынайы берілген өмір мен өлім арасында жүретін кеншілердің даңқын асыру үшін тойланатын мереке екенін ұмытпаған абзал.

Р.S. Биылғы жылдағы кеншілердің мерекесінің тағы бір ерекшелігі – мереке шаралары ертерек басталды.

25 тамызда Ұлытауда ат жарысы өтсе, 26  тамызда кеншілер қаласында киіз үйлер құрылып, кешке   кеншілер алаңында Қазақстан және шетел эстрада жұлдыздарының концерті өтті. Ал, дәл   сол күні кешке қалалық орталық мешітте қасиетті Рамазан айының Қадір түніне мұсылман қауым жиналды. Мешітте Құдайға құлшылық жасап жатқанда, алаңда даңғырлатып ән айтып, секеңдеп би билеп, жастар улап-шулап жатқаны әбден үйлесімсіз, тіпті ұят болды. Осы концертті ұйымдастырушылар арасында мұсылман қазақ болған шығар, сол күні Қадір түні екенін білген де шығар. Бұрын кеншілер мерекесі демалыс күндері тойланушы еді, бұл жолы неге ерте, қасиетті күнде концерт өткізілгенін түсінбедік.

Мәди Әлжаппаров. Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.