Жаңа жылда бес нәресте өмірге келді

Жаңа жылдың алғашқы күнінде шаһарымызда 5 сәби дүние есігін ашты. Шекесі торсықтай төрт ұл мен Айару есімін иеленген қыз бала мереке кезінде туылып, туған-туыстарын шат-шадыман күйге бөледі. Қаламыздағы №1 аурухананың перзентханасында босанған аналар мен дүниеге келген балалардың жағдайлары жақсы.

Динара Сәулембекова 3-інші бөбегін қаңтардың 1-і күні алғашқы болып босанған. Жас ана жаңа жылдың алғашқы күнінде Айару есімді сәбиін түс ауа бауырына басты.
3 келіден аса тартқан ұл баланы дүниеге әкелген Карина Әлібекова болса тұңғышын отбасына жаңа жылдық сый ретінде берілгеніне балайды. Ана қуанышына бөленген оның көңіл-күйі де ерекше.

– Ана болу – әрбір қыз баланың арманы. Мен арманымның жаңа жылдың алғашқы күнінде орындалғанына дән ризамын. Батырдың есімін әулет болып қарастырып жатырмыз. Әкесі де перзентханадан шығарып алар күнді күтіп, тыпыршып жүрген жайы бар.
Бұлардан бөлек, шекесі торсықтай ұлдарды Ботагөз Ақшалова, Балғын Әлменова, Күнсұлу Жапарова сынды қала тұрғындары жарық дүниеге әкелді.

– Аналар мен балалардың денсаулықтарына ешқандай да қауіп-қатер келген жоқ. Сәбилердің жағдайы жақсы. Жаңа жылда дүние есігін ашқан нәрестелерді жақын арада шығарамыз. Өз тарапымыздан медициналық көмекті барынша атқардық,– дейді перзентхананың аға акушері Людмила Поленчук.

Аталған ауруханының берген дерегі бойынша, өткен жылы 631 бала өмірге келген. Енді оның қатарын бес сәби толықтырды. Бірақ, бұл жаңа 2018 жылдың есебінде.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.