Елорда тойы – елдің тойы

Сайын Сарыарқа төсінде Қазақ елінің тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қаламыз Астананың бой көтергеніне де 20 жыл толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналды…

Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жайлы егжей-тегжейлі жазады. «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал, ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды», – деп жазады Елбасы.

Елбасымыз жаңа астананы таңдауды 32 өлшем бойынша жүрізген еді. Соның ішінде аса маңыздылары: әлеуметтік-эко­номикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстарының болуы. Ал сол барлық өлшемінің негізінде тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққан еді. Бүгінде бұл шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды.

Мемлекет басшысы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазғанындай, бұл бiрiншiден, Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi. Астана Еуропа мен Азияның шектескен тұсында, яғни Еуразия құрлығының қақ ортасында, мұхиттардан бiрдей қашықтықта орналасқан. Еуропалық және азиялық дәстүрлердi бойына тоғыстырған бұл қала Батыс пен Шығысқа да, Оңтүстiк пен Солтүстiкке де ашық бола алады. Екiншiден, бұл шешiмде қауiпсiздiк мәселесi де елеулi рөл атқарды. Тәуелсiз елдiң астанасы сыртқы шекаралардан мейлiнше қашық және елдiң орталығында болуы тиiс едi. Үшiншiден, астананы өзгерту Қазақстан экономикасын сауықтыру үшiн де қажет болды. «Төртiншiден, Астананы құрамы жағынан көп ұлтты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қазақстанды мекендеген этностар арасындағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақтығыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiдегi бағытымызға адал екенiмiздi тағы бiр дәлелдедiк», – деп жазады Елбасы аталған кітабында.

Жалпы, Қазақстан көшбасшысына елордамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы тосыннан келмеген еді. Оны Елбасымыз өзінің жоғарыда аталған кітабында жан-жақты жазған. «Баяғы бір уақытта Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалғаны – осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?», – деп, келте кесіпті», деп еске алады Елбасы аталмыш кітапта.

Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған жиында елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап бергені есте. «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар», – деген еді Елбасы мерейтойлық жиында.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елорда тойы – елдің тойы. Ендеше, оны лайықты қарсы алып, ерекше атап өтуге үлес қосайық.

Ізбасар Ойбас.

Комментарии закрыты.