Жаңа жылда біз жазар жақсы жаңалықтар мол болсын!

Тәуелсіз елдің тағы бір жылы тарих қойнауына кетті. Көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан ақпараттық дамудың заманы жарыққа шыққанына ширек ғасырдан сәл ғана асқан «Шарайнаның» да шабытын шыңдады. Бәсекеге толы ұмтылыс кеншілер қаласының жылнамасын жазып келе жатқан жас басылымды біраз ширатты…

Егемен елдің еңселі бір бөлшегі, кеншілер ордасы – Сәтбаев қаласының үнпарағы – «Шарайна» газеті үшін Тауық жылы жаман болған жоқ. Ұжым үлкен шығармашылық ізденісте болып, бірталай жетістіктерге жетті. Қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, мезгіл мінберінен көрінді. Әр түрлі тақырыптағы айдарлар, танымдық мақалалар мен журналистік зерттеулер қала газетін қоғамда айтар ойы бар, салмақты басылым ретінде көрсете білді. Сондықтан, оқырман мен газет «Газет және оқырман» айдары арқылы жыл бойы байланыста болды. «Тайқазаннан» таңдағандарын оқып, «Калейдоскоптан» керегін тапты. «Адам.Қоғам.Уақыт», «Человек и Общество» айдарлары Елбасының берері мол бағдарламаларын назарға алып, облысымызда, қаламызда белсенділігімен көзге көрініп, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың ой-тілектерімен көрініс тапты. Аймақ жаңалықтары да назарымыздан тыс қалған жоқ.

Өмір керуенінің бір сәтке тоқтамайтыны заңдылық болса, журналистикадағы ізденістің бәсеңсімейтіні сондай шын. Осы бағытта газетімізде жаңа айдарлар ашып, оқырманмен тығыз байланыс орнату ойымызда бар. «Оң мен сол», «Сіз не дейсіз?», «Бар мен жоқ» айдарлары мен арнайы беттер биыл тұрақты түрде шығып тұратын болады. Мұның сыртында айшықты екі шара – Астана қаласының 20 жылдығы мен Сәтбаев қаласының 45 жылдығына арналғын танымдық-тарихи мақалалар да газетімізде үздіксіз жарияланбақ. Сол сияқты еңбек адамдары мен жеке тұлғаларды елге таныстыру да биылғы жылдың басты тақырыбы болады.

Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтеріміз көп. «Шарайнаның» әрбір оқырманына Ит жылы да бізбен бірге болыңыздар, өкінбейсіздер, жазарымыз көп дегіміз келеді. Талғамы жоғары оқырманның талабынан шығу үшін газеттің көлемін де өзгерттік. Оқуға ыңғайлы болсын деп еуроформат – «Д-2» көлемге көштік. Оқырмандар да бізге қолдау көрсетеді деген үміттеміз. Газетіміздің таралымын көтеруге көмек қолдарыңызды созыңыздар, қадірлі оқырман. Біз өз тарапымыздан сіздерді қызықты мақалалармен қамтамасыз ететін боламыз. Ең бастысы – жаңа жылда біз жариялайтын жақсы жаңалықтар көп болсын!

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.