«Бұл жыл үміт пен жетістіктер жылы болды»

Жаңа жыл қарсаңында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы тұрған міндеттер айқындалады. Келесі жылы кеншілер шаһарында қандай өзекті мәселелер өз шешімін табады, қала басшылығы қандай жұмыстарды жоспарлап отыр? Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысовпен жаңа жыл қарсаңындағы әңгімеміз осы және өзге де сауалдар төңірегінде өрбіген еді.

– Құрметті Асқар Абылайұлы, тарихқа еніп бара жатқан үстіміздегі жыл сізге немен ерекшеленді, қандай көздеген мақсаттарға қол жеткізілді?

– Ең бастысы, бұл жылы күллі әлем Қазақстанға көз тіккен жыл болды. Өйткені, биыл «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтті Астана қаласында. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл сынақтан еліміз абыроймен өтті. «Болашақтың энергиясы» атауымен өткен көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен жүзден астам елдер келіп қатысты. Сыртан сынай қарап, бақылап отырғандар да аз болған жоқ. Дес бергенде көрмені өте жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткіздік.

Бұған біздің кеншілер қаласының жұртшылығы да сүбелі үлестерін қосты деп айта аламын. Қала тұрғындары дүркін-дүркін барып, көрмені тамашалады. Қаламыздың өнерлі жастары көрме қонақтарына өз өнерлерін көрсетіп, таланттарымен тәнті етті. Мектеп оқушылары мен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларының балаларын қала бюджеті есебінен көрмеге жібердік. Мұның бәрі еліміз үшін үлкен абырой, мемлекетіміз үшін мерейлі істер.

Ал енді қаламыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайлы айтар болсам, әрине, бәрі де оңай болды дей алмаймыз. Дей тұрғанмен, қызықты да маңызды істерге толы жыл болды. Көздеген жоспарларымыз көп еді, барынша жүзеге асырдық. Облыс әкімі Ерлан Қошанов қала әкімдігі алдына бірнеше нақты міндеттер қойды, соның ішінде бірінші кезекте азаматтардың өмір сапасын арттырудағы Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру. Қаланы абаттандыру, автомобиль жолдары мен инженерлік коммуникацияларды жаңғырту, санитарлық тәртіп пен қала тазалығын сақтау облыс басшылығының ерекше бақылауында болды және жүргізіліп жатқан жұмыстар үнемі қадағаланып отырды.

Осындай ілкімді істердің нәтижесінде қаламыздағы жолдардың басым бөлігі орташа жөндеуден өтті. Ерден, Ұлытау көшелері мен Сәтбаев даңғылының бір бөлігі жаңғырды. Бұрын жөндеу көрмеген, тіпті асфальттің не екенін білмейтін көшелер, әсіресе, шығыс аудандағы жолдар түбірінен жаңарды. Жаңа скверлер бой көтерді. Қаланың батыс бөлігі адам танығысыздай өзгерді. Жалпы, бұл жылды үміт пен жетістіктер жылы болды деп толық айта аламын.

– Асқар Абылайұлы, батыс аудан дегенде елдің ойына жаңа шағынауданның түсері анық. Жалпы, қаламен іргелес жатқан елді мекендерді осы жаңа ауданға қоныстандыру сіз үшін үлкен сынақ болғаны белгілі. Сол сыннан қалай өтіп жатырсыз?

– Дұрыс айтасыз. Көші-қон мәселесі бүгінде қаладағы ең өзекті мәселеге айналып отыр. Екі жыл бойы өндіріс аймағында орналасқан Жезқазған кенті мен оған қоңсылас жатқан елді мекендердің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру жұмысы қызу жүргізілуде. Осы мақсатта қаламыздың батыс аймағында шағын аудан салынды. Айналасы екі жылда екі мыңға жуық отбасын баспанамен қамтамасыз ететін тұрғын үйлер салынды. Бір жылдың өзінде бес қабатты 25 тұрғын үй салынып пайдалануға берілді. Бұл қала тарихында бұрын соңды болмаған жағдай. Рас, көші-қонның өзіндік қиындықтары бар. Көптің бәріне ұнау мүмкін емес. Осы мәселелерді шешу үшін түсіндіру жұмыстары жүріп тұрады. Тұрғындарды жеке қабылдап, мән-жайды ұғындырып отырамын.

Бүгінде «Нұрлы мекен» деген атауға ие болған шағынауданда 600 орындық жаңа мектеп те салынып, пайдалануға берілді. Мұнда әлі халыққа қажетті әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады. Әзірге тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бірінші кезекте тұр. Бұл бағыттағы жұмыстардың екінші кезеңін де абыроймен еңсердік. Қазір қаланың солтүстік батысында Весовая, Крестовский елді мекендерінің тұрғындарына арналған екі басты 107 коттедждің құрылысы басталды. Жиырмадан астам үйдің қабырғасы тұрғызылды. 2018 жылы 214 үйдің құрылысы толық аяқталып, көші-қон мәселесін түбегейлі шешетін боламыз.

Әрине, жаңа жылда 56 пәтерлік және 16 пәтерлік көпқабатты үйлердің де құрылыстары басталып, тұрғын үй кезегінде тұрғандардың мәселесін біртіндеп шешетін боламыз.

– Көші-қон тұрғын үй салумен ғана шектелмейтін сияқты ғой. Өйткені, ол аймақтағы шағын және орта бизнес мәселесі де қордаланып қалғандай. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар қолға алынбақ?

– Иә, бұл да күрделі мәселе. Өкінішке орай, көші-қон бағдарламасында шағын және орта бизнес ұмыт қалған. Бірақ, біз оның шешу жолдарын іздестіріп жатырмыз. Көші-қонға жататын аймақта 60-қа жуық бизнес нысандары бар екен. Соның 15-іне қолайлы орын табылды. Өзгелері де қалаға қоныс аударатын болады. Әрине, жаңа шағынауданның архитектуралық келбетіне нұсқан келмейтіндей етіп ол нысандарды орналастырамыз. Бірақ, кейбіреулерінің жұмыс бағытын өзгертулеріне тура келеді. Өйткені, бір ауданда бірнеше дүкен, не бірнеше шаштараз тұра алмайды ғой. Осы жағын да ескертіп жатырмыз кәсіпкерлерге.

Жалпы, әңгіме шағын және орта бизнес саласына ойысқан екен, ендеше мен қаланың осы саладағы жұмысына да қысқаша тоқтала кетейін. Үстіміздегі жылы қаламыздағы кәсіпкерлік нысандар «Ұлытау тревел» қонақүйімен, макарон өнімдерін шығаратын цехпен толықты. «Ұлытау тревел» аймағымызда туризм бағытында салынған алғашқы нысан. Бұл келешекте қаламызда туризм саласын дамытуға да негіз болмақ.

Екінші бір тілге тиек етеріміз – «Ахтямов» жеке кәсіпкерлігінің дамуы. Бүгінде кәсіпкерлік иелігіндегі құс фабрикасы екінші бір тынысын ашты. Сөйтіп ол Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен маңайымыздағы ауылдарды да жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр.

Мұның сыртында қаламызда дүкендер мен дәмханалар, тағы да өзге қызмет көрсету нысандары ашылып, ел игілігіне жұмыс істеуде.

– Асқар Абылайұлы, әңгімемізді енді қаланың абаттандырылуы мен санитарлық жағдайына қарай бұрсақ. Бұл бағытта ауыз толтырып айтар әңгіме бар ма?

– Нега болмасын. 2017 жылы ауаларды абаттандыру жылы болды деп айтуға толық негіз бар. Әңгімеміздің басында айтып өткендей, қалада «Тәуелсіздік бақжолы» сквері, «Нұрлы мекен» шағынауданында «Қолөнершілер қалашығы», Комаров көшесінде «Мәңгілік ел» монументі бой көтерді. «Шахтер даңқы» алаңы жаңғыртылып, мұнда ашық аспан астындағы мұражай орналастырылды. «Жайна, Сәтбаев» акциясы аясында 12 ауладағы балалар алаңы жаңғыртылды.

2018 жылы да аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасатын болады.

– Енді қаланың санитарлық жағдайына тоқталайық. Қалада қоқысты уақытылы шығару өзекті мәселеге айналған. Осыған байланысты әртүрлі инстанцияларға, соның ішінде біздің де редакцияға қала тұрғындарынан арыз-шағымдар түсуде. Қазір осы мәселенің шешілуі қандай жағдайда?

– Ия, өзекті мәселенің орын алғаны рас. Бұл қаланың қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын «Сәт тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің материалдық-техникалық базасының ескіруіне байланысты болды. Қала қазынасынан қаржы бөліп контейнер сатылып алынды, олар қаламыздың әр жерлерінде орналастырылды. Бұл жұмыстар да жалғасын тауып, қоқыс шығару мәселесін тәртіпке келтіреміз.

Алдағы уақытта тазалықты сақтау мен алаңдарды, саябақтар мен гүлзарларды көгалдандыруда үлкен жұмыс атқарылады.

– Рухани салада не жаңалық? Мәдени-көпшілік жұмыстар елдің көңілінен шықты ма?

– Бұл бағытта да мақтан етерлік істеріміз көп. Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасы шеңберінде қалада небір ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның бірі де бірегейі – жазушы, сәтбаевтанушы Медеу Сәрсеке ағамыз келіп, жаңа кітабының тұсаукесерін өткізуі. Елімізге танымал жыршы, термеші, ақын, кенші Шынболат Ділдебаев ағамыздың 80 жылдық мерейтойы да жоғары деңгейде аталып өтті. Осы іс-шара аясында ақынның жыр жинағы жарық көріп, жыршы термешілердің республикалық байқауы мен жас ақындардың республикалық айтысы өтті. Оған елімізге танымал бірнеше өнер тарландары келіп қатысты.

Аймағымыздың қалталы азаматтары да Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында көптеген игі шаралар жасады. Сәлімжан Сейілов ағамыз орталық алаңға балалардың ойын кешенін өз қаржысы есебінен орнатып берді.
Қалада «Достық үйі» ашылып, ол этно-мәдени орталықтардың ортақ шаңырағына айналды.

– Жақсы екен. 2017 жылы атқарылған жұмыстар көңіл қуантарлықтай. Ал, енді қаланың дамуына не жоспарланып отыр?

– Біз кезек күттірмейтін өзекті мәселелер айқындалған қаланың жоспарын жасақтадық. Қаржыны бөлу кезінде коммуналдық саланы нығайтуға, жолдарды жөндеуге, аулаларды абаттандыру мен сәулет мәселесін шешуге баса назар аудардық.

Қаламыздағы екі көшенің автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтетін болады. Аула ішіндегі жолдарға да ағымдағы жұмыстар жасалынбақ. Тұрғынүй құрылысы өсе түседі. Әрине, мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелері жайы да басты назарда. Бір мектеп, үш балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіледі.

– 2018 жылы бізді екі ауқымды шара күтіп тұр. Оның бірі ел ордасы – Астана қаласының 20 жылдығы болса, екіншісі Сәтбаев қаласының 45 жылдығы. Осы мерейтойларды қарсы алуға қандай жоспарлар бар?

– Ол енді алдағы уақыттың еншісінде. Бұл бағытта арнайы жұмыс топтары құрылып, ауқымды жоспар жасайтын болады. Онымен оқырмандарды міндетті түрде құлағдар ететін боламыз.

– Сіздің алға қойған мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыздың орындалуына күш-қуат пен төзімділік, сәттілік тілейміз! Сәтбаевтықтар жасалғанды сақтап, қала тазалығын тәртіпті ұстап, қала басшылығына қолғабыс береді деген үміттеміз.

– Дұрыс айтасыз, біздің жұмысымызда қоғамның, қала тұрғындарының қолдауы өте қажет. Ол бізге қосымша күш береді және біз оны күнделікті жұмысымызда айқын сезінетін боламыз.

Егер біз жан-жақты дамыған мемлекетте өмір сүргіміз келсе, онда біз мемлекетке тек қана тұтынушы көзқараспен қарамауымыз қажет. Біздің әрқайсымыз өз саламызда кәсіпқой ретінде болашақтың қозғаушы күші бола аламыз және біліміміз бен күшімізді туған еліміздің, сүйікті  қаламыздың  болашағы үшін сарқа жұмсауымыз қажет. Туған қалаға деген сүйіспеншілік ол тек жаңа бір құрылысты жүргізуде емес, аға буын өкілдерінің саған мұра етіп қалдырып кеткенін сақтай білуде.

– Асқар Абылайұлы, әңгімеңіз үшін рахмет! Жаңа жылда Сәтбаев қаласының жұртшылығына не тілер едіңіз?

– Қала тұрғындарына ең алдымен мықты денсаулық, отбасыларына амандық пен бейбіт ғұмыр тілеймін! Жаңа жыл жақсылық пен табыс, жаңа жетістіктер жылы болсын. Туған Отанымыздың, Тәуелсіз еліміздің игілігі мен жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге шақырамын!

Сұхбаттасқан
Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.