Келешекке нық қадам

Елбасымыздың кезекті рет Жолдауға түсінік беріп, эфирге ел алдына шығуы біздің, елдің келешекке деген қадамының қаншалықты маңызды екенін аңғартты. Елбасымыз атап өткен он бағыттың қайсын алып қарасақ та қазіргі сәтке қажет, әрі жүзеге асыруымыз керек екенін аңғарамыз.

Әлем сағат сайын емес, сәт сайын дамып, білім мен медицина қарыштаған уақытта Президентіміздің осы салаларға басымдық беруі қуантады. Ең бірінші бағыт ретінде жаңа технологиялар аталды. Қай салада болмасын жаңа технологиялар қолданып, өнеркәсіптер цифрландырылып, бизнес модельдері қалыпқа келсе біз өркениетті елдердің қатарында болатынымыз анық. Жер асты байлықтарының қорлары жыл өткен сайын сарқылуда. Кен қопарылып, зауыттар бой көтерген сайын олардың экологияға да тигізетін зияны орасан зор. Екінші бағытта осы ойды меңзейді. Біз бұл бағытта жұмыс жасау арқылы экологияны жақсартып, жасыл экономиканы қолдану арқылы үнемшілдікке, қоршаған ортаны қорғауды үйренеміз деген ойдамын. Біз, қазақ, мал баққан елміз. Тарихқа көз жүгіртсек, осыған көз жеткіземіз. Көшпелі бабаларымыз шаруашылықтың жай-күйін, төрт түліктің бабын білген. Алайда, біз бүгінгі таңда ауыл шаруашылығының қыр-сырын шеттен үйренуге мәжбүрміз. Бұл білмегендіктен емес, жаңа технологияларды орынды пайдалана алмауымыздан. Ел басы атап өткен үшінші бағыт осы олқылықтың орнын толтыруы тиіс. Елбасы өз сөзінде «темір жол – Қазақстанның күре тамыры» деген болатын. Ендеше әр тас жол елдің артериясы болуы қажет. Елмен елді, жер мен жерді байланыстыратын жол екені белгілі. Төртінші бағытта айтылған транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан ары дамыта беру бұл бағытты көркейтетініне сенімдімін.
Қазақстан шынымен де тек экспорттаушы ел ғана емес, сонымен қатар, импорттаушы да болуы керек. Біздің елден де айфонның баламасы, самсунгтың сыңары шығатынына сенімдімін. Сергек ой, сапалы білім, нық қадам және елдің ымыра бірлігі бізді осы аталған он мақсатты орындауға жетелейді деп сенемін.

А.Құрақбай,
Сәтбаев қаласы жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары.

Комментарии закрыты.