Жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа жәрдемақы түрін енгізуді тапсырды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын. Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады», – деді Елбасы Жолдауында. Айтуынша, 2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады.
«Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өсті», – деді Назарбаев.
Мұнымен қатар, Елбасы 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетінін мәлімдеді.

Комментарии закрыты.