Интернаттар жөндеуден өткізіледі

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов биылғы жылы мектеп жанындағы барлық интернаттардың проблемаларын толық шешуді тапсырды, – деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми ақпараттық порталы.

– Облыстың 2178 мектеп жасындағы балалары бар 113 елді мекенінде мектеп жоқ. Оған қоса, соңғы жылдары аз қамтылған мектептерді желі нормативтеріне сәйкес келмегендіктен жабу үрдісі көзделуде. Бұл жағдайда мектеп жанындағы интернаттар ерекше маңызға ие болады, – деді аппараттық жиналыс барысында облыстық Білім басқармасының жетекшісі Есенғазы Иманғалиев. – Бүгінгі таңда облыста жобалық қуаттылығы 1429 орынға шақталған 21 мектеп жанындағы интернат жұмыс істейді. Іс жүзінде оларда 935 бала тұрады.
Сараптамалардың нәтижесінде интернаттардың жағдайына қатысты бірқатар проблемалар анықталған. Ғимараттар жөндеуді қажет етеді.
Аймағымызда тағы алты мектеп жанындағы интернаттардың ашылуы жоспарланып отыр. Олардың төртеуі жаңадан салынады – Бұқар Жырау, Ақтоғай, Нұра және Ұлытау аудандарында. Олардың жалпы қуаттылығы 400 орынды құрайды. Шет ауданының Ақжал кентінде және Осакаров ауданының Молодежный елді мекенінде бар ғимараттарда жөндеу жүргізіп, интернат құру мүмкіндіктері бар.
– Мектеп жанындағы интернаттардың барлық мәселелерін жүйелі түрде шешу қажет. Біз 2018-ші жылға облыстық бюджеттен 4,5 млрд теңгені білім нысандарының жөндеуіне бөлеміз. Оның ішінде барлық мектеп жанындағы интернаттарды жөндеу қажет – бұл мәселені жабу керек. Ал жабдықтау, компьютерлеу, басқасының барлығын – аудан әкімдеріне жергілікті бюджеттен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деп қорытындылады облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Комментарии закрыты.