ОҢҒА БАСТАЙТЫН ОН БАҒЫТ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауында негізгі он бағыт айқындалды. Жолдаудың ерекшелігі елді өркендетудің негізгі өзегі ретінде өнеркәсіпті осы заманғы технологияларды енгізе отырып, дамытуға баса назар аударылғандығы деуге болады. Әсіресе, сандық технологияның тілін меңгеру қажеттігінің өткір айтылғаны тәнті етеді.

Сонымен бірге, Елбасы Жолдауында мемлекеттің ең басты байлығы да, басты тірегі де халық болғандықтан, оның әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған шаралардың көрініс тапқандығы қуантады. Айталық, жаңа жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі көтерілді. Еңбекке қабылетсіз жандарға көмек күшейтілді. Зейнеткерлердің зейнетақысы жаңа жүйемен беріле бастады. Денсаулық, білім беру салаларының, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көбейтілді. Жалақы, жәрдемақы, зейнетақының өсуі мемлекет қазынасының қаншалықты қуатты екендігін айғақтайды. Экономикасы дамыған ел ғана халыққа әлеуметтік тұрғыдан қолдау-көмек көрсете алады. Елбасы биыл жоғарыда аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін 67 млрд теңге қарастырылатындығын айтты. Бұл біздің еліміздің экономикалық қуаттылығын көрсетеді.
Жаңа Жолдау елдің дамуына соны серпін беретіндігі күмәнсіз. Сондықтан да, Жолдауда көрсетілген негізгі он бағыт еліміздің дамуын одан әрі оңға қарай бастай береді деп сенеміз.

Абдолла ДАСТАНОВ,
«ШЫНДЫҚ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Комментарии закрыты.