Балалар құқығын қорғау басты назарда

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жанындағы балалар құқығын қорғау Комитетінің  Қарағанды облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің өкілдері  жақында қаламызда болып, әкімдіктің үлкен залында өздерінің атқарған жұмыстарының тұсаукесерін жасады.

Облыстық балалар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары  Гүлмира Сәрсекеева, департаменттің бас маманы Бахытгүл Игенова  білім, денешынықтыру және спорт, ішкі істер бөлімінің, прокуратураның, денсаулықсақтау саласының мамандарымен,  жастар мәслихаты мен мектептердегі өзін-өзі басқару кеңесінің, ата-аналар комитетінің өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуді қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева жүргізді.

Өз сөзінде М.Мәдиева қазіргі таңда департаментпен жұмыстың тығыз байланыста жүргізіліп жатқанын, департамент өкілдері осымен бірнеше мәрте қаламызда болып кеткенін айта келе, департамент басшысы Г.Сәрсекееваға сөз берді.

Өз кезегінде Гүлмира Серікқызы 2007 жылдың 28 тамызында құрылып, жұмыс атқарып келе жатқан департаменттің жұмысына кеңірек тоқталып, облыс бойынша балалардың құқықтарының қаншалықты қорғалып жатқаны жөнінде есеп берді. Облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығына қарамастан балалар құқығының аяқасты болып жатқанын да жасырмаған баяндамашы, балалардың еңбекке тартылуы, ата-анасы бола тұра, ішкіліктің кесірінен жетім қалуы, қазіргі таңда алаңдатып отырған жас буынның арасындағы суицид ойландыратын мәселеге айналып отырғанына тоқталды.  Департаменттің тікелей қатысуымен әртүрлі жобалар, акциялар қолға алынғаны белгілі. Осы жобалар мен акцияларға біздің қаланың қосқан үлесінің мол екенін атап өтті. 2009 жылы қала «Сәтбаев – балаға мейірімді қала» жобасына еніп, сынақ алаңы ретінде жұмыс атқарған болатын. Осы жоба аясында атқарылған жұмыстар көңілден шығарлықтай екенін тілге тиек еткен баяндамашы, 2010 жылы «Қуан, сәби» облыстық акциясының аясында қала бойынша ауқымды іс-шаралардың өткендігін баяндады.

Сонымен қатар, біздің қаланың балалары департаменттің ұйымдастыруымен өтетін әр алуан тақырыптардағы шығармашылық жұмыстарға белсене  атсалысатынын айта келе, әкелер кеңесі мен жастар мәслихатының жұмыстарының жүйелі жүргізіліп отырғандығын тілге тиек етті.

Департамент білім бөлімі, ішкі істер бөлімімен қатар, Қарағанды қаласындағы бұқаралық ақпарат құралдарымен де жұмыстың тығыз қатынаста екенін айтты. Балалардың шығармашылық қабілетін шыңдау үшін журналдарға балалардың шығармаларын жариялап тұрады.

Баланың құқығының аяқ асты болмауына ата-ана, мектеп, жалпы қоғам болып жұмыла жұмыс атқару керектігін, ол үшін отбасындағы тәрбиенің дұрыс болуы басты рөл атқаратынын алға тартқан баяндамашы өз сөзін қорытындылай келе, алдағы уақытта да департаментпен жұмыстың тығыз қатынаста жүргізілетіндігіне сеніміміз мол деді.

Жиынды қорытындылаған Марал Сағынайқызы өздерінің атқарып жатқан жұмыстарын баяндау үшін келген департамент басшысы мен бас маманына алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.

Одан кейін департамент өкілдері «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдауда азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға Қ.Сеитова, Б.Махамбетова, Ә.Алдабергенова келіп, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын департамент өкілдеріне қойды. Мамандар мәселелердің шешу жолдарын түсіндіріп, кеңес берді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.