Мақсат – қаланы көркейту

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Ата Заңның 16 жылдығына орай, өткен сенбіде Тәуелсіздік даңғылы 57 үй ауласындағы ойын алаңында «Жас Отан» Жастар қанаты мен «Жас көшбасшылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік нұры шашылсын әр аулаға» атты аулалар фестивалінің жабылу салтанаты өтті.

Үстіміздегі жылдың шілде айында бастау алған бұл фестивальдің басты мақсаты – қаламыздың аулаларын абаттандыруға, көріктендіруге өз септігін тигізіп қана қоймай, қала тұрғындары арасында тазалықты, туған қалаға деген сүйіспеншілікті насихаттау болды.

Фестивальді қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық мәслихаттың аппарат жетекшісі Қ.Махамбетова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Есмұрзаева, ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Сағындықова, қаламыздың тұрғындары мен кішкентай бүлдіршіндері тамашалады.

Фестиваль аясында қаламыздағы тазалыққа, санитарлық жағдайына жауапты шағын аудандар кеңесі, пәтер иелері кооперативтері мен тұрғын-үй коммуналды цехтары және аула клубтары арасында сайыс өткізіліп, түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Фестиваль қорытындысын анықтау мақсатында комиссия құрылып, үздіктер анықталған болатын.

Қаламыздағы балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануға үлес қосатын бірден-бір орталықтар – аула клубтары болып табылады. Аула клубтары өздерінің аумақтарында мәдени-сауықтыру іс-шараларын өткізіп, жергілікті тұрғындармен жұмыс істеуде алар орны ерекше. Фестиваль барысында ерекше белсенділігімен көрінген аула клубтарын «Жас көшбасшылар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Н.Наурызбаев марапаттады. Сонымен, «Спорттық аула клубы» номинациясын «Тұлпар», «Ең белсенді аула клубы» номинациясын «Қайрат» және «Ең үздік аула клубы» номинациясын «Сарыарқа» аула клубтары жеңіп алды. Жеңімпаздарға сертификаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева «Ең үздік аула» номинациясын иеленген Шығыс Жезқазған кеніші, №4 шағын аудан кеңесін марапаттады. Олар стритбол ойнауға арналған алаң мен алтыбақан сыйлығын иемденді. Сонымен қатар, «Таза аула» номинациясын «Изумруд» пәтер иелері кооперативі, «Бірлігі жарасқан аула» номинациясын Сәтбаев  жылумен, сумен қамту кәсіпорнының №5 тұрғын үй коммуналдық цехы жеңіп алды.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы К.Сағындықова фестивальға белсене қатысқан СЖСҚК-ның №3 ТКЦ, «Болашақ» аула клубы мен «Сұңқар» аула клубтарын және биылғы жылғы жаз маусымында жұмысқа деген ынта-жігерімен, белсенділігімен көзге түскен «Жасыл ел» жастар жасағының сарбаздарын марапаттады.

Фестивальдың жабылу салтанатына арналып мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Фестиваль соңы би кешіне ұласты.

Фестиваль тұрғындар арасында үлкен серпіліс, үлкен қызығушылық туғызды.

Сүйікті қаламызды көркейтіп, гүлдендіруге мүмкіндік беретін осындай игі бастаманың болашақта жалғасын табатынына сенеміз.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.