Бірлескен жиын

Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша қаламызда өткізілетін кешенді шаралар жоспарын құру, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Жастар Одағымен» бірлесе атқаратын жобаларды талқылау мақсатында сейсенбі күні жастар ресурстық орталығында қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчуктың төрағалығымен жиын өтті.

Күн тәртібінде «Жастар ісі жөніндегі Кеңестің құрамын сайлау», «Қала әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жастар Одағы» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды талқылау», «Жастар Одағымен» бірлесіп атқаратын жұмыстың жоспарын бекіту» туралы үш сұрақ қаралды.

Алғашқы мәселеге орай жастар ресурстық орталығының директоры Нұрболат Күлбай сөз алып, жиналғандарды Кеңестің құрамымен таныстырып шықты. Одан әрі қатысушылар Меморандумның жобасын талқылап, өздерінің ұсыныстарын жеткізді.

Аталмыш Меморандум қала жастарының мәселелерін шешуге, оларға әлеуметтік және саяси-құқықтық жағдайлар жасауға бағытталған бірнеше тараптан тұрды. Оның ішінде қала тұрғындары арасында қоғамдық келісімді насихаттауға арналған іс-шараларды бірлесіп жүзеге асыру; жас ұрпаққа патриоттық құндылықтарды және салауатты өмір салтын дәріптейтін мәдени, сауықтыру, ақпараттық шараларды ұйымдастыру сияқты тармақтар болды.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Жастар Одағы төрағасының орынбасары Татьяна Дюдяева ақпарат беріп, 2018 жылға дайындаған жұмыс жоспарымен бөлісті.

Жиын соңында мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «Zhasспорт» аула клубының ашылу салтанатына белсене қатысқан Андрей Карташовқа, Виктор Лазаревқа, Әмір Мұратовқа, Евгений Ханға Алғыс хат пен ақшалай сыйақы табыстады.

Отырысты қорытқан төраға Кеңес мүшелерін жастарға қатысты мәселелерді және алдағы уақытқа әзірлеген барлық іс-шараларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.