Ақсақалдар әкімнің қабылдауында

Қала әкімі Асқар Ыдырысов шаһарымыздың Ақсақалдар алқасы мүшелерімен кездесу өткізді. Асқар Абылайұлы Кеңес жұмысы турасында аз-кем мағлұмат алып, қариялардың өтініш-тілектерін тыңдады.

Бейресми кездесу басында қала басшысы үлкенге құрметтің шынайы үлгісін көрсетті. Қазақы дәстүрге сай, арнайылап қол алысып, қал сұрасты. Батагөй ақсақалдардың алғысын алған әкім өткен жылы қаламызда өткен бірқатар шаралар мен жеткен жетістіктерді жіпке тізіп айтып берді.

– Өткен жыл қаламыз үшін айтарлықтай жаңалықтарға толы болды. Әсіресе, құрылыс саласында оң өзгерістер орын алды. Мәселен, бой көтерген «Нұрлы мекен» ықшамауданын атап өтуге болады. Мұнымен құрылыс аяқталып қалады деген сөз емес. Биылдан бастап Оқушылар сарайының жаңа ғимараты мен екі жатақхананың құрылысын жүргізу жоспарда тұр. 2018 жылдың қыркүйек айында Сәтбаев қаласына 45 жыл толады. Айтулы мерекеге орай сіз-біз десіп іс-шаралар өткізу керек. Осы тұрғысында жүйелі жұмыс атқарылатынына сенімдімін, – деген қала әкімі алқа мүшелерінің де тілек-ниетіне назар аударды.

2012 жылдан бастап жұмыс жасауға кіріскен Ақсақалдар алқасы бүгінгі күні қаланың қоғамдық-мәдени, рухани іс-шараларына атсалысуға құлықты. Мүшелер құрамында еңбек ардагерлері мен шаһарымызға белгілі азаматтар бар.

– Қаланың дамуына жасалып жатқан істердің барлығына көңіліміз толады. Шағын қала болғандықтан, өтіп жатқан шаралардың барлығы көз алдымызда іске асуда. Сын көтермей келген көлік жолдары да реттеліп қалғанына ризамыз. Бұған дейін өтінішке назар салмай келген коммуналдық шаруашылықтар да тыңғылықты жұмыс жасауға кірісті. Ал, тұрмыстық қоқысты жинау, қаңғыбас иттерді құрықтау сынды мәселелер ретін тауып шешіліп келеді. Біз өз тарапымыздан ағалық, аталық кеңестерді беруден аянбаймыз, – деді Кеңес төрағасы Сақтаған Атабаев.

Ұлы Отан соғысының ардагері Шермұханбет Байбосынов та қала басшысына алғысын білдіріп, өмірлік тәлім-тәжірибесімен бөлісетінін айтты. Аақсақалдардың бірсыпырасы сумен, жылумен қамту кәсіпорнының тарифтік бағаның өсіміне кейістігін білдіріп, осы жағдайға қатысты шешім қабылдауды өтінді.

Әрқашан өнегелі сөз айтып, бірлікті сақтауды қалайтын Кеңес мүшелерінің айтқан ой-пікір, ұсыныстарын қаперіне алған қала әкімі әрбір мәселенің ретін тауып, оларды шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Аталы сөздің аяқасты қалмасын білген ақсақалдар көңілді күйде тарқасты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.