Қыс қызығы Астананың 20 жылдығына арналды

Ұлытау ауданының Жезді кенті кентінде Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «20 жылға – 20 жұлдызды іс-шара» бағдарламасы қызу қолға алынған. Осы шара аясында жасөспірімдер арасында «Астана – нұрдың бұлағы» атты байқау өтті. Бұл қыс қызығына Жезді кентінің мәдени-сауық орталығы мұрындық болды.

Байқауды мәдени-сауықтыру орталығының көркемдік жетекшісі А.Қадырова ашып, іс-шараның мақсаты мен маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан кейін оқушылар «Алғырлар» және «Мықтылар» деп екі топқа бөлініп, өзара бақ сынасуға кірісті.
Әуелі «Ойлы болсаң озып көр» деген қағидаға сайған қатысушылар Астана қаласына қатысты сұрақтарға жауап беріп, ойларын пысықтап алды. Одан соң «Алғырлар» тобы «Хан шатыр», «Мықтылар» тобы «Сфераның» мүсінін жасауға кірісіп кетті. Күннің қытымыр аязы да оларға кедергі бола алған жоқ.
Қардан мүсін жасау айтуға оңай болғанымен, ерен ептілікті қажет етеді. Осы тұрғыда Н.Сайлау, Е.Советбек, Т.Әбдірәсіл, Г.Сапар мен Е.Жапар сияқты оқушыларды өздерінің іске бейімдіктері мен шеберліктерін көрсете алды.
Түрлі-түсті етіп жасалған әсем мүсіндер әйбат болып боялып, сонадайдан көз тартып тұр. Осындай керемет туынды жасаған оқушыларға мәдени-сауықтыру орталығының атынан «Алғыс хат» пен сыйлықтар табысталды.

Ғалия Жеңсікбаева,
Жезді кенті мәдени-сауықтыру орталығының жасөспірімдермен іс-шара ұйымдастырушысы.

Комментарии закрыты.