Зауыт іске қосылады

Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының Көкпекті ауылында қоқыс өңдеу зауытының құрылысы бойынша жоба жүзеге асырылуда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорынды 2018-ші жылдың күзінде іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы.

Ол туралы Бұқар Жырау ауданының әкімі Шағурашид Мамалинов 2017-ші жылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2018-ші жылға қойылған міндеттер жайлы тұрғындар алдында есеп беру кездесуі барысында айтты. «Қалдықсыз өндіріс құрылатын алғашқы қоқыс өңдеу зауытының жобасын жүзеге асыруға дайындап жатырмыз. Көкпекті ауылында «ЖанАру» ЖШС-не қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттың құрылысына 4 га көлемінде жер телімі бөлінді. Қуаттылығы айына 8 мың тонна өнімділігі бар зауыт 2018-ші жылдың қарашасында іске қосылады деп жоспарлануда», – делінген есепте.

Билік басындағылардың мәліметінше, ауданда жыл сайын 100 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтар қалыптасады екен. Бұл қоқыстар өнім өндірісі үшін шикізат ретінде пайдаланылады.

Зауыт іске қосылған соң қоқысты сығымдауыш орнатылатын болады. Ауылдық жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және іріктеу бойынша бекеттер ашу жоспарланып отыр.

Комментарии закрыты.