Тұрғындар тілегі тыңдалды

Жезқазған – Ұлытау аймағына жиі атбасын бұрып, мұндағы тыныс-тіршілікпен танысуды дәстүрге айналдырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов осы жұмыс сапарына  әріптесі Қанат Мусинмен бірге келді, деп хабарлайды Жезқазған қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық әкімдіктегі кездесуде халық қалаулылары өңірді дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмыстармен таңысты.

Соңғы уақытта басы даудан арылмай, тұрғындар арасында қызметіне қатысты көп шағым айтылатын  қалалық сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорнының директоры Болат Аманбаевтан түсініктеме беруді сұрады. Кәсіпорын басшысы ыстық судың сапасы бүгінгі күні анағұрлым жақсарғанын айтып, алдағы екі аптаның ішінде барлық жезқазғандықтардың үйіне таза әрі иіссіз су беруге уәде етті.
Сонымен қатар, кездесудің екі сағатқа жуық уақытын алған бастамашыл топтың ақсақалдары дәрі-дәрмек пен азық-түлік бағасына қадағалау күшейтілсе, қоғамдық көліктегі 60 теңге сәл арзандаса халықтың еңсесі бір көтеріліп қалады деген тілектерін жеткізді. Айтылған сын-ескертпе мен ұсыныс-тілектерді мұқият тыңдап шыққан  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жоғарыда аталған мәселелердің түйіні кезең-кезеңімен тарқатылатын болады деп сендірді.

Комментарии закрыты.