Белсенді әйелдер бас қосты

Өткен жұмада Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған қалалық іскер әйелдер Кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оған аталмыш Кеңестің және қалалық саяси көшбасшылық мектебінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және белсенді әйелдер қатысты.

Іскер әйелдер Кеңесін құрудың басты идеясы – әйелдердің іскерлік ортадағы белсенділігін күшейту еді. Ал, міндеттері – нәзік жандылардың жеке кәсіпкерлікпен белсене араласуына ықпал ету, олардың экономикалық бастамаларын қолдау және мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады.
Жиынды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Сәтбаев қалалық филиалының директоры Шолпан Жангаскинова жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина өз сөзінде отырыстың маңыздылығына тоқталды. Одан әрі Қарағанды облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер Кеңесінің төрайымы Жанаргүл Күлмагамбетоваға сөз берілді.
– Кәсіпкерлер палатасы бизнеспен айналысып жүрген әйелдерге қолдау көрсету мақсатында құрылған болатын. Біз бизнес-жоба жасаудан бастап, оны іске асыруға дейін қолдау көрсетеміз. Әрі қарай қандай бағытта жұмыс істеу керек, қай жолды таңдаған дұрыс деген секілді сұрақтарды нақтылап алуға көмектесеміз. Жоспарда бизнесті дұрыс басқарудың тиімді жолдары көрсетіліп, бәсекеге қабілетті ете алатындай басқару жүйесі жасалады, – деді Жанаргүл Күлмагамбетова.
Сонымен қатар, құрметті қонақ облысымызда іскер әйелдер кеңесінің көмегімен жүзеге асқан бірнеше жобаларды мысалға келтірді. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыстық «Атамекен» палатасына өз кәсібімді ашсам деген, күрделі жағдайдан шығудың жолын іздеген, құқықтық кеңестер сұраған біршама адамдар жүгінген. Олардың бірқатары өз бизнестерін дөңгелетіп әкетіп, қазіргі таңда одан әрі дамыту жолдарын қарастыруда.
Келесі кезекте қалалық іскер әйелдер Кеңесінің төрайымы Лариса Гелисханова сөз алып, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда кеңес жұмысының атқарар рөлі зор екендігін атап өтті.
Отырысты Сәтбаев қаласының саяси көшбасшылық мектебінің төрайымы Марал Мәдиева қорытты:
– Біздің қаламызда саяси көшбасшылық мектебі үш жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді. Мектебіміздің бірінші түлектері де бар. Олар – қаламызға белгілі, үлкен қызметте жүрген адамдар. Саяси мектептің көздегені – әйелдердің алға қойған мақсаттарына жетуіне, өз істеріне жауапкершілікпен қарауға, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға көмектесу. Сондай-ақ, жұмысын жаңадан бастаған бизнестегі әйелдерге ақпараттық қолдау көрсетіп, кәсіби байланыстар желісін кеңейтуге мүмкіндік жасау. Олардың бизнестерін дамытуға бағытталған бастамаларын қолдаумен айналысу.
Жиын соңында Марал Сағынайқызы 2017 жылдың 5 тамыз – 9 желтоқсан аралығында Сәтбаев қаласының Саяси көшбасшылық мектебінде өткен «Табысқа 12 қадам» оқу курсының бірінші деңгейін сәтті аяқтаған 12 адамды марапаттады. Оларға «Қарағанды облысы бойынша саясаткер әйелдер клубының» төрайымы Қ.Оспанованың атынан сертификаттар табысталды.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.