Туған жер тағылымы

Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу, жас ұрпақтың туған жерін сүюге септігін тигізу мақсатында №15 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып мұғалімдері «Туған жерге туыңды тік» атты ашық тәрбие сағаты апталығын өткізді.

Апталықтың негізгі мақсаты жас бүлдіршіндерге туған қаласының тарихын танытып, қаламыздың Құрметті азаматтарының сіңірген ерен еңбегімен таныстырып, қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасату арқылы сүйіспеншілік сезімін ояту болды.

Ұстаздар А.Егізбаеваның «Мен елімнің патритотымын!», Г.Атабаеваның «Моя Родина – Казахстан», С.Баешованың «Ата-баба арманы – Тәуелсіздік!», А.Смайлованың «Моя страна – мой город» тәрбие сағаттары жас жеткіншектердің туған жерге тағзым етуіне тағы бір түрткі болды. Төртінші сынып мұғалімі О.Махметова ата-аналармен өз өлкеміздің тарихы жайлы интеллектуалды ойын өткізіп, өлкетану жолындағы ұрпақ тәрбиесіне ата-аналарын да тарта алды. Сондай-ақ, бірінші сынып мұғалімдері оқушыларына қаламыздың көрікті жерлеріне саяхат жасату арқылы олардың бойында туған қаласына деген мақтаныш сезімін оятты. Аталған саяхат қаламызды аялауды, айналамызды таза сақтауды дәріптеді.

Туған өлкенің тарихымен терең танысқан оқушылар мол мұра, таусылмас қазына жинады. Елді сүю, жерді аялау, Отанға құрмет көрсету мазмұнында болған апталық соңы Тәуелсіз ел ұрпақтарының өнерімен аяқталды.

Р.Каскатаева,
бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.