Сақал діндарлықтың белгісі ме?

Бүгінде мешітке барып, намаз оқып, сәждеге бас тигізгендердің дені сақал қоюға құмар болды. Сақал болғанда да жасына қарай жарасымды болса қане. Жиырмадағы жігіттеріміздің қауғадай сақалын көргенде еріксіз бас шайқайсыз.

Әрине, сақал қою әркімнің еркіндегі нәрсе. Қалай қоямын десе де оған ешкім дау айта алмас. Бірақ, сақалды дінмен байланыстырғанымыз қалай болар екен? Сақал діндарлықтың белгісі ме? Осы сауалға жауап іздеп ғаламторды ақтарып отырып Мұртаза Жүнісұлы деген бауырымыздың «Фейсбуктегі» жеке парақшасынан мына бір жазғанын кезіктірдім. Мүмкін біздің еліктегіш бауырларымызға бір септігі тиер деген оймен оны қаз қалпында беруді жөн көрдім.
«Сақал дегеніңіз бетке шығатын жүн ғой, басқасы емес, оған басқаша мән беріп, қасиеттеу надандық, нон-сенс! Сақал бұрын бәрінде де болған, Мұса пайғамбардың да сақалы болды, перғауынның да, Мұхаммед пайғамбардың да сақалы болды, Әбу Жәһилдің де! Біріншіден, бұлар жүні көп шығатын халықтар, екіншіден күнде- күнде қырыну ол кезде мүмкін емес болған, сондықтан байқасаңыздар ескі замандағы адамдардың шаштары да ұзын болған, жауырынға жеткенде күзеп отырған. Бұған діни сипат беру дұрыс емес, сақалмен дін орнамайды, сақалмен рухани кемелденемін деу бекер сенім. Кемелдену сыртқы көрініспен, белгілі формадағы киімдерді киюмен болмайды, ол әуелі адамның ішкі жан-дүниесінен басталады, ойлау жүйесімен жетіледі, іс-әрекетімен нақтыланады, ондай адамға сақал бар ма, жоқ па, бәрібір, ол өзін біледі, не істесе де оймен, санамен істейді…
Америка тарихында алғаш рет үлкен соғысқа қатысып, 1-ші дүниежүзі соғысы кезінде (1914-1918) Еуропаға жүз мыңдаған әскер жіберген, сол кезде осы әскерлерді қалай тамақтандырамыз, гигиеналық тазалығын қалай қамтамасыз етеміз дегенде консервіленген тамақты сериялық өндіру және қазіргі қырыну станоктарын өндіру қолға алынған екен. Міне, сол уақыттан бастап қырыну оңай нәрсеге айналып, еркектер жаппай қырына бастаған, дініне қарамастан, ұлтына қарамастан… Ал, біздің еліктегіш дінпаздарымыз жаңалық ашқандай сақалды бір керемет жетістікке балап, оған діни реңк беруде, Құранда сақал қойыңдар деген бір ауыз сөздің жоқтығына қарамастан! Сонда бұлар өздерін Құраннан да асқан діншіл деп санай ма екен?!?» деп ашына жазған екен Мұртаза бауырымыз. Ойланайық, ағайын.

Ізбасар Ойбас.

Комментарии закрыты.