Баянды болашаққа батыл қадам

Елбасының бұл Жолдауы да еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталғаны түсінікті жайт. Үлкен мән арқалаған мәлімдемелердің барлығында Ұлт көшбасшысының қазақстандықтарға деген жанашырлығы, дамыған елдермен терезесі теңдей ету мақсатындағы батылдығы айқын сезіледі. Сондықтан, биылғы Жолдаудан да тың жаңалықтар мен жақсы өзгерістер нышанын күту заңдылық. Онымен танысқан сәтімізде әрбір жолындағы ілгерілеуге бастайтын ниетті шын сезінуге болатындай-ақ.

Президент айқындаған негізгі міндеттердің басында «Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек. Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді» деп атап көрсетілді. Мұны маңызды да ауқымды жобаның бастауы ретінде санауға әбден болады. Себебі бұл, өнеркәсіп ошақтарындағы еңбек өнімділігі деңгейін көтеруге септігін тигізеді. Бұл жаңашыл әрекетті орындаған жағдайда жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін ескерген Елбасы еңбекпен қамту жөніндегі саясатты қайта ретке алу керектігін де сөз етті. Яғни, «босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек» деген тұжырымы еңбек адамдарына деген қамқорлықты сездіреді.
Білім беру сапасын көтеру, оны жетілдіру бағытындағы нақты шараларға тоқталған Елбасының мәлімдемесіне бұл орайда көңіл аудармау мүмкін емес. Бұл білімге құштар, жарқын болашаққа ұмтылған әрбір жасқа жасалып жатқан қамқорлық, келер күннің қамын ойлау мақсатының айқын көрінісі. Себебі, әлемдік өркениетке қол созу тек сапалы білімнің арқасында ғана жүзеге аспақ. Мемлекет басшысы ұсынған елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған 10 негізгі міндет Қазақстанды дамытудың жаңа бағыттарына себеп болды. Бұл бүгінгідей алмағайып заманда қоғамның мүддесі мен мақсатын ескеретін стратегиялық тұрғыдан маңызды құжат есебінде. Себебі, Жолдауда көрсетілген басымдықтар еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді даму стратегиясына сай келеді. Ендеше, бұл Жолдау әлемдегі технологиялық, экономикалық-әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуге себеп болмақ.

Жақия КҮНЕДІЛОВ,
Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты.

Комментарии закрыты.